Тоқыма және тігін өнеркәсібін дамытуға жағдай жасау және саладағы қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті тауарлар өндірісіне көшу алғышарттарын жасау мақсатында, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 шілдедегі №1605 Жарлығымен Шымкент қаласында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Арнайы экономикалық аймақтың резиденттері 2030 жылға дейінгі мерзімге корпоративтік табыс салығын, мүлік және жер салығын, кедендік баждарды төлеуден босатылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 19 ақпандағы №78 қаулысымен «ALLIANCE» СӨК» ЖШС (бұрынғы «Ютекс» АҚ, «Ютекс KZ» АҚ, «Меланж» АҚ) және «Azala Textile» кәсіпорындарының аумақтары «Оңтүстік» АЭА-ның аумағына қосылды. Қазіргі кезде аталған кәсіпорындарға «Оңтүстік» АЭА резиденті мәртебесі берілді.
Бүгінгі таңда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы құны 32,6 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылды. Бұл жобалардың аясында 2282 жұмыс орындары құрылды.
«Оңтүстік» АЭА резиденттері болып табылатын бірқатар бірегей кәсіпорындар бар. Олардың қатарында: «Бал Текстиль» ЖШС — кілем және кілем бұйымдарын ірі қазақстандық өндірушісі; «Хлопкопромцеллюлоза» ЖШС — Қазақстандағы жалғыз целлюлоза өндірушісі; «АГФ Групп» ЖШС-сатып алынатын өнім көлемі бойынша әлемге әйгілі «IKEA» сауда маркасының ірі Қазақстандық серіктесі; «Әлем БТ» ЖШС- қазақстандық ірі шұлық фабрикасы; «Azala Cotton» ЖШС — мақта иірім жібін шығаратын фабрика; «AZALA Textile» — Қазақстандағы толық циклді жалғыз тоқыма фабрикасы және басқа кәсіпорындар.
Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, негізгі шикізат – мақтаның жақын болуы және жергілікті білікті мамандардың бар болуы жеңіл өнеркәсіп өндірістерін дамытуға мүмкіндік береді. Оған «Оңтүстік» АЭА аумағында әр түрлі сатысында іске асырылып жатқан 22 жоба (жалпы инвестиция құны 54,4 млрд. тг., 2036 жұмыс орындары құрайтын) дәлел бола алады.