2021 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 59,7 млрд. теңге инвестициялар тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,2% артты (2020 жыл қаңтар-сәуір – 47,2 млрд. теңге).
Бүгінгі таңда қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда:
Кәсіпкерлерге және инвесторларға «бір терезе» қағидатымен консультациялар жүргізу, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету, сонымен қатар, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және инвесторларға қызмет көрсету барысында жолығатын шектеулер мен бөгеттерді жою және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында «Бизнеске арналған үкімет — Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс атқаруда.
Инвестициялық жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізу, проблемалық мәселелерін шешу бойынша, қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі инвестициялық штаб құрылды. Штабтың негізгі қызметі – инвесторларды мемлекеттік қолдау арқылы ынталандыру, қала аумағында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейту мен жаңарту, жаңа өндіріс алаңдарын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы проблемалық мәселелерді шешуді жеделдету.
Апта сайын өткізілетін штаб отырысында инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда бірқатар жүйелі мәселелер шешімін табуда.