Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Б.Булатбеков Асар-2 шағынауданында инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады.
Асар-2 шағынауданында ауыз су жүйелерінің құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған болатын. Қазіргі уақытта жұмыстың 60 пайызы аяқталған. Ұзындығы 156,1 шақырымды құрайтын ауыз су құбырының құрылысы 2021 жылдың қазан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде Асар-2 шағын ауданындағы 2 723 абонент таза сумен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, Асар-2 шағынауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекеме «Отау строй» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 92,2 % аяқталған. Жоспар бойынша құрылысты ағымдағы жылдың қараша айына дейін аяқтап, 2771 тұрғын үйді газбен қамтамасыз ету көзделуде.
Аталған елдімекенді сапалы электр қуатымен қамту мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2019 жылы бюджеттен қаржы қаралып, мердігер мекеме «Ремстрой Алматы» АҚ анықталған.
Қазіргі таңда Асар-2 шағын ауданындағы ішкі электр желілерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қосуға дайын. Алайда қосылатын көзі 110 кВ «1-М-1» қосалқы станциясының және 220 кв «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Қосалқы станцияның құрылысы шілде айында аяқталатын болады.
Аталған екі нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін жаңа желілерге электр қуаты беріледі. Нәтижесінде 2765 тұрғын үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.