21 наурыз күні Шымкент қаласы Абай ауданы аумағындағы «Самал» электр тарату қосалқы станциясында болған ақау салдарынан өрт шығып, оның салдарынан қаланың 21 мың тұрғыны электр жарығынсыз қалған болатын.
Қазіргі уақытта аталған қосалқы станцияны қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жұмыстардың 70 пайызы аяқталған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Осыған байланысты энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.
– Қазір техникалық жабдықтар 100 % нысан басына жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары мамыр айының соңында аяқталады, – деді Боранбай Булатбеков.
Айта кетейік, өртенген қосалқы станцияны қалпына келтіру жұмыстарын «Қуатжылуорталық-3» МКК-ы және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің мамандары атқаруда.