Заңсыз ойын бизнесі – бұл мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатын нашарлатып, жастардың болашағына балта шабатын, әлеуметтік қақтығыстарға апаратын көлеңкелі экономиканың бір бөлігі. Осы ретте Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Санат Кулбаев 2024 жылдың 9 айындағы атқарған жұмыстарын баяндады.
— 2023 жылы 13 қылмыс, ал 2024 жылдың 9 айында 7 қылмыс анықталды. Анықталған 7 қылмыстың 5-і сот қарауына жолданып, айыптау үкімдері өз күшіне енген. Ал өткен жылғы 13 істің 10-ы сотқа жолданған болатын. 7 қылмыстық істің 4-і Instagram, TikTok желілерінде онлайн режимде ойнатылған. 2023 жылы 13 адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін сотталған, оның 10-ы бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған, 1 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылса, 1 тұлға әкімшілік айыппұл төлеген.
Ал, осы жылдың 9 айында 13 адам осы қылмысты жасағаны үшін сотталып, сотпен айыптау үкімдері шығыпты. Оның 4-іне бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, 9-на бас бостандығынан шектеу жазалары тағайындалған. Осы жылы қылмыстық істер аясында 18 ойын аппараттары, ноутбук пен компьютерлер, ойын карталары, фишкалар тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде танылған. Сот үкімдеріне сәйкес, компьютерлік техникалар мемлекет есебіне өткізілген, ал ойын аппараттары жойылған.Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Департаменті 2024 жылдың басынан бері 15 тауар нарығына талдау жүргізді. Олардың ішінде тауық етін көтерме сату, байланыс арналарын жалға беру, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау сияқты маңызды секторлар бар. Қазіргі уақытта дәрілік заттарды көтерме өткізу және сымды интернет қызметтері секілді әлеуметтік маңызы бар нарықтарға талдау жалғасуда.
Департаменттің негізгі бағыттарының бірі — Кедергілер жөніндегі Кеңестің жұмысын ұйымдастыру. 2024 жылы кеңестің 14 мәжілісі өткізіліп, қорытындысында 4 мәселе бойынша тиісті нормативті құжаттарға өзгеріс енгізу үшін ұсыныстар Агенттіктің орталық аппаратына жолданған.
Республикалық деңгейдегі ұсыныстар Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңына келісімшарт мерзімін қысқарту, мемлекеттік мекемелердің бәсекелестік дамыған секторларда қызмет етуін шектеу, жолаушыларды тасымалдау саласындағы тендерлерде барлық субъектілерге тең мүмкіндік беру мәселелерін қамтыды. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті кәсіпкерлік саласындағы бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап, қатаң шаралар қабылдады. Тексеру жұмыстары прокуратурамен бірлесіп жүргізіліп, департамент үш тергеп-тексеру ісін аяқтады. Бұл туралы бүгін Қосбаев Ернар Тұрдалыұлы — Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы баянадады.
Ең ірі заң бұзушылықтардың бірі «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әрекеттерімен байланысты болды. Тексеру нәтижесінде компанияның Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабын бұзғаны анықталды. Мәні бірдей келісімдерге әртүрлі шарттар қолданып, корпорация өзінің нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін 104,7 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілген.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы да назардан тыс қалмады. Бұл басқарма сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 300
айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.