Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншітпейді. …Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды» деп атап өткен болатын.
Президент көптеген әлеуметтік кеселдің түп тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алатынын, мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізетінін, сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқаруы қажет екенін атап өткен болатын.
Расында, мемлекетіміздің басты байлығы, қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені Ата Заңымызда анық жазылған. Сондықтан, отбасындағы келеңсіздікте адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруге, қорлауға, ұрып-соғуға, қысым көрсетуге жол жоқ. Статистикалық мәліметтер бойынша отбасындағы түсініспеушіліктің басым көпшілігі – экономикалық жағдайдың төмен болуы және зиянды заттарға тәуелділіктің зардабынан болатын көрінеді. Сол үшін Шымкент қаласында отбасын сақтап қалуды, тұлғалық дамуды үйретін орталықтар жұмыс жасайды. Мәселен, «Отбасы институты», «Анаға тағзым» орталықтары мен «Әкелер мектебі».
Бала – айтқанды емес, көргенді қайталайды
Әрбір отбасындағы тәрбиенің мақсаты – дені сау, сана-сезімі ояу, рухани ойлау дәрежесі биік, парасатты, мәдениеті жоғары, білім мен еңбекке бейім ұрпақ тәрбиелеу. Дегенмен, ең алдымен ата-ана балаларға оқу, даму, шығармашылық, әлеуметтену сынды мүмкіндіктер беруге назар аударғаны дұрыс. Қазақ даналығында «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған ғой. Қазіргі жас ата-аналар ақылды. Ойлауы, өмірге көзқарасы ерекше. Баланың ой еркіндігі мен сөз еркіндігіне ерекше назар аударады. Бірақ, жаңа туылған бала, оң солын танымай жатып, дегенін орынтатуы кейде дұрыс емес. Мысалы, қазіргі кездегі буын түрлі смартфон, гаджет, копьютерлік ойындарға құмартып өсіп келеді. Егер осы бағытта жүре беретін болса, қоғамнан тыс қалуы мүмкін. Соның салдарынан көптеген сәби соңғы уақыттарда «Цифрлық аутизм» деген сырқатқа тап болуда. Интернеттің әсерінен балалар лудомания, кибербуллингтің түр-түріне де шалдығады. Бұл дегеніміз ата-аналардың өз балаларымен тығыз байланыста болмауы деп есептеледі. Қазіргі кезде әлеуметтік жағдайдың төмендеуінен бе, әлде жұмыс басты болуынан, ата-ана өз міндетін толық орындамайды. Салғырттық танытуынан баланың қатерге ұшырауы көп кездесуде. Бұл жағдай бала мен ересек адам арасындағы сенім деңгейі төмен екені көрсетеді.
Түнгі уақытта жалғыз жүруге тыйым салынған
Сондай-ақ, кәмелет жасына толмаған балалардың ата-анасының рұқсатынсыз түнгі уақыттардағы беймезгіл үйден тыс жерлерде жүрген жасөспірімдерге тоқталсақ. Жасы 18-ге жетпеген адамдар кәмелетке толмағандар болып есептеледі. Аудан әкімі аппаратының қызметкерлері және жергілікті полиция қызметкерлері бірлесе аптасына 2 рет түнгі рейдтер ұйымдастырып отырады. Осы жағдайда, 18 жасқа толмаған жасөспірім түнгі сағат 23.00-ден кейін ата-анасыз ұсталған жағдайда хаттамалар толтырылып ЖСН (ИИН) арқылы есепке алынады. Ал қайта ұсталған жағдайда ата-анасына айыппұл салынады. Сондай-ақ, қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер мен студенттер арасында жұмыс істеу фактілері көбеюде. Жұмыс жасау үшін, олар және олардың ата-аналары қолданыстағы заңнаманың кейбір талаптарын білуі тиіс. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында қызметкерлердің, оның ішінде 18 жасқа толмағандардың еңбек тәртібін реттеу ерекшіліктері айқындалады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көрсетілгендей кәмелетке толмағандармен жасалған еңбек шарты қысқартылған жұмыс уақыты көзделеді. 14-16 жас аралығындағы жұмысшылар үшін жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс болса, ал 16 жастан 18 жас аралығындағы жұмысшылар үшін жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспайды, сонымен қатар, 18 жасқа толмаған қызметкерлердің жиынтық жұмыс уақытын (үстеме жұмыс) пайдалану арқылы жұмысқа тартуға жол берілмейді. Біздің тарапымыздан аудан тұрғындары арасында осындай келеңсіз жағдайларға тап болмау мақсатында түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіліп отырады.
Бала – әрбір ата-ананың болашағы. Әне-міне дегенше, сабақ уақыты басталады. Тек ұстаздар ғана емес, баланың білімді болуына ата-ана да тікелей жауапты. Сондықтан, тек міндеттелген пәндермен шектелмей, спорт түрлеріне, музыка, ән, би, шахмат, тоғыз құмалақ секілді үйірмелеріне қатыстыруға кеңес береміз. Жастардың кітап оқып зейінінің ашылуы, білімін арттыруын дамытып, дене бітімін түзуі, ой-өрісін дамуы, шапшаңдыққа, іздемпаздыққа, тиянақтылыққа, ұқыптылыққа баулу арқылы ұжымдық ауызбіршілікке тәрбиелеп, ашық тұлға болуына үлес қосуы керек.
Гүлнұр АСЫЛБЕКОВА,
Абай ауданы әкімінің орынбасары