Мемлекет басшысы ұлт саулығына зиянын тигізетін нашақорлық пен есірткіге қарсы күрестің көкейкесті міндет екенін үнемі айтып келеді. Соңғы жолдауында да есірткімен күрестің маңызына тоқталып, «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады.
Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет» ,-деген болатын.
Есірткі сатумен айналысатын топтар жарнама құралы ретінде әлеуметтік желіні, граффити суреттерді жиі қолданатыны мәлім. Кез келген әлеуметтік желіде жастар мен жасөспірімдер белсенді екенін ескерсек, мұндай жарнама атаулының ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін айқын сезінеміз.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес, күнделікті қала аумағында есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестер заңсыз насихатталған және жарнамаланған орындарды анықтап, оларды жою бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде, осы жылы 8 айда полиция қызметкерлері 5 мыңнан астам есірткі жазбаларын анықтап, олардың көзін жойды.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды есірткімен байланысты кез-келген заңсыз әрекеттердің куәісі болған жағдайда бірден полицияның «102» арнасына хабарлауға шақырды.
Сонымен қатар,есірткі заттарын насихаттағаны және жарнамаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары басты назарда.
Есірткімен күрес шарасы барысында есірткі жарнамаларын анықтап жою бойынша жұмыстар атқарылды. Көшеаралық, аулааралық қарау жүргізіліп, тұрғындарға есірткі қылмыстарын жасағаны үшін заңды жауапкершілікті ескерту, азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара қорытындысымен 2332 граффити бояу түріндегі есірткі жарнамаларының, олардың интернет желісіндегі сілтемелерінің атаулары жойылды.
Полиция қызметкерлері мен белсенді жастардың қырағылығының арқасында есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар да анықталды. Мәселен, Қаратау және Тұран аудандарын аралау жұмыстарын жүргізу барысында жергілікті тұрғындардан есірткіге ұқсас заттар табылып, оны полиция қызметкерлері тәркілеп алды.
Сонымен қатар іс-шарада интернет-алаяқтықты ескерту мақсатында арнайы жадынамалар таратылды. Тұрғындармен кері байланысты нығайтып, құқық бұзушылықтың кез-келген түріне «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру мен қоғам арасында есірткіге қарсы теріс көзқарас орнату бағытында жұмыстар атқарылды. Полицейлер қала аумағында есірткіге қарсы жұмыстарды өткізу мен оған тиімді тосқауыл қою бойынша іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.
Есірткімен күрес — ортақ міндет
Статистикаға қарасақ, соңғы кезде елімізде синтетикалық есірткіні тұтыну деректері артқан. Соңғы үш жылда айналымнан алынған «синтетика» көлемі 10 есе өскен. Мұның себебін мамандар синтетикалық препараттардың арзан және қолжетімді болуынан деп түсіндіреді. Сондықтан есріткіге қарсы күрес бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Шымшаһарда бұл бағытта үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгін Шымкент қаласындағы Психикалық денсаулық орталығында ашық есік күні өтті. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға колледж студенттері мен қала тұрғындары қатысты. Қызығушылық танытқандар арнайы мамандардың қабылдауында болып, кеңес алды.
Жалпы жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам оқушылар мен студенттерді қамти отырып, 3,5 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Ағымдағы жылдың басынан бері елімізде 2 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жыл сайын нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу мәселелері бойынша БАҚ өкілдерімен де жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ медициналық мекемелердің бірігуімен аурулардың алдын алу мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында іс-шаралар өткен.
Биыл есірткіге байланысты 259 қылмыстық іс анықталып, сотқа жолданған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 17 пайызға жоғары. сы жылы 4 кәмелетке толмаған жасөспірім есірткі тасымалдау қылмысымен ұсталып, бүгінде тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сала мамандарының айтуынша, мұндай іске көбінесе студенттер, жасөспірімдер алданады.
Ағымдағы жылдың17-19 қыркүйегі аралығында Республикалық «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара аясында ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруін анықтау мақсатында жергілікті жерлерде рейдтер жүргізуде. Тәртіп сақшылары қоғамға жат әрекеттерді алдын алу үшін аулаларды, саябақтарды, скверлерді және жастар мен кәмелетке толмағандар шоғырланатын басқа да орындарды тексереді. Бұл ретте жалпы білім беру ұйымдарының оқушыларымен әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларын түсіндіру, сондай- ақ жәбірлеу (буллинг) бойынша профилактикалық әңгімелесулер жүргізілуде. Сонымен қатар, 16 маусымда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске «Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг)» деген 127-2-бап енгізілгенін, аталған бапқа сәйкес кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу ескерту жасауға немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келетіні жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде жүргені үшін ата-аналар мен мекеме иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады.