Шымкентте жыл басынан бері 13 адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін сотталған. Оның төртеуі бас бостандығынан айырылды. Қала тұрғындарының көмегімен 3 заңсыз ойын автоматының жұмыс істегені анықталған. Дегенмен құмар ойынға қызығушылар саны азаймай тұр. Заңсыз ойындарға заңмен қойылатын шектеу нәтиже беріп жатыр ма?
Шымкентте 9 айдың ішінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 13 адам сотталды. Олардан ойын аппараттары, карталар мен фишкалар тәркіленген. 4 адам қылмысы үшін бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Санат Құлбаев, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары: «Осы жылдың 9 айында 13 адам осы қылмысты жасағаны үшін сотталып, сотпен айып үкімдері шықты. Оның төртеуіне бас бостандығынан айыру жазасын, 9-на бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Осы жылы қылмыстық істер бойынша 18 ойын аппараты, ноутбук пен компьютерлер, ойын карталары фишкалар тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде танылған«.
Қылмыс жасағандар арасында онлайн режимде заңсыз ойын өткізгендер де бар. Мәселен, шымкенттік тұрғын инстаграм желісінде гив өткізген. Ол екі айға жуық ішінде сатылған билеттерден 96 млн теңге пайда тапқан. Тұрғын сот үкімімен кінәлі деп танылып, оған бір жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Санат Құлбаев, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары: «Инстаграмда заңсыз ойын лотореясын өткізу фактісі анықталған. Қала тұрғыны лоторея мен лоторея қызметі туралы заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясыз заңсыз пайда табу мақсатында екі аккаунттан тікелей эфирде лото ойнатқаны анықталды. Лоторея ұтысы ретінде Land Cruiser Prada автокөлігі, Samsung, Iphone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыствқ техника қойылды. Сатылған билетті өзінің карта шотына және туыстарының шотына жинаған«.
Жауаптылар заңсыз ойындарды анықтауда қала тұрғындарының да белсенді екенін айтады. Мәселен, жыл басынан бері сенім телефонына келіп түскен ақпараттар дәлелін тауып, көзі жойылған.
«Жыл басынан бері заңсыз ойын автоматтарына байланысты сенім телефонына 3 ақпарат түсті, үшеуі де өз дәлелін тапты, іске асырылды«, — деді Дәурен Тұрғынбай, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының м.а.
Елімізде лудомания мен құмар ойындарға тәуелді адамдар саны 350 мыңға жуықтаған. Оның басым көпшілігі жасөспірімдер дейді мамандар.
Айта кетейік, құмар ойынға тәуелділіктен арылу үшін egov.mobile жүктемесінен кез келген азамат өзіне 6 айдан 12 айға дейін ерікті түрде шектеу қоя алады.