Халықаралық адам құқықтарына батыс әлемінің көзқарасы, жалпылай алғанда, адамның негізгі азаматтық және саяси құқықтарына баса назар аударады. Басқаша айтқанда, Үкімет билігінің адам құқықтарын өз қалауынша реттеуіне шектеу қойылады. Ондай құқықтардың қатарына тиісті құқықтық процедура, ой-пікір еркіндігі, жиналу және діни наным-сенім еркіндігі, сондай-ақ, басқару процесіне саяси қатысу жатады. Тункиннің жазуынша, халықаралық құқықтағы адам құқықтарын құрметтеу принципінің мазмұны жеке тұлғаның емес, мемлекеттің міндеттеріне көбірек мән береді. Себебі жеке тұлға халықаралық құқық субъектісі емес және халықаралық адам құқықтары туралы шарттар адамдарға тікелей құқық бере алмайды. Бұл ұстанымның кілті – мемлекеттің үстемдігі немесе орталық рөлі. Мұндай жағдайларда экономикалық және әлеуметтік мәселелерге екпін салып, дәстүрлі азаматтық және саяси құқықтардың рөлі төмендетіледі. Дегенмен 1980 жылдардың соңында халықаралық адам құқықтары мәселесінде саяси өзгерістерді қамтыған жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Дамушы елдерге ортақ көзқарас аталған екі түсініктің де элементтерін қамтиды. Мемлекеттердің теңдігі мен егемендігіне қамқорлық, сонымен қатар, әлеуметтік және экономикалық құқықтардың маңыздылығын тану «үшінші елдер» көзқарасына тән. Осы орайда, Адам құқықтарының әмбебаптығы (яғни универсализм) мен мәдени дәстүрлердің релятивизмі арасындағы қарама-қайшылық айрықша қызығушылық тудырады. Бұл өз кезегінде соңғысын – Мәдени дәстүрлер релятивизмін жақтаушылардың адам құқықтары мәселесіне тек мәдени және діни дәстүрлер контекстінде қарау керек деген пікіріне ұласты. Осылайша олар адам құқықтары әмбебап деген пікірді сынға алады. Жалпы, мәдени дәстүрлер релятивизмі ұстанымының қауіпті жағы да бар екенін атап өтуіміз қажет. Себебі адам құқықтары жөніндегі шартқа қатысушы, әрі дәстүрлі халықаралық құқықтың сәйкес нормаларына байланысы бар тарап ретінде міндеттеме алған мемлекеттер адам құқықтарын бұзған кезде, өздерінің әрекеттерін ақтап алу үшін мәдениеттегі айырмашылықтарды сылтау қылып, ақталуға тырысуы әбден мүмкін. Көптеген адам құқықтары туралы халықаралық және аймақтық шарттарға қоса, кейбір адам құқықтары мемлекет тәжірибесіне байланысты дәстүрлі халықаралық құқыққа енген құқықтар болып саналады. Ондай құқықтар қатарына азаптауға, геноцидке, құлдыққа тиым салу, және дискриминацияға жол бермеу принципін жатқызуға болады. Оған қоса, арнаулы шарттарда бекітілген адам құқықтары қатысушы тараптар үшін erga omnes (эрга омнес) міндеттемесін жүктейді. Естеріңізге сала кетейік, erga omnes деген халықаралық құқық түсініктерінің бірі. Оған сәйкес, кез келген егеменді мемлекеттің халықаралық қатынастардың қатысушысы ретінде белгілі бір міндеттемелері болады. Олар сипаты бойынша әмбебап және олардың орындалуына барлық мемлекеттер мүдделі.