Қазіргі қолданыстағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң 2009 жылы қабылданған, одан бері он бес жыл өтті. Он бес жылдың ішінде, әрине, біршама өзгерістер енді. Бәрімізге белгілі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бірден бір себебі – әлеуметтік жағдай, жоқшылық. Ал, жәрдемақы, АӘТ сияқты әлеуметтік жоқшылық мәселелерімен әлеуметтік қорғау министрлік жұмыс істейді. Ал, жаңағы заңда әлеуметтік қорғау министрлігі құзырлы орган болып табылмайды. Одан кейін, қазір балалар құқық бұзушылыққа, жаман дүниелерге әуес. Мысалы, мектептерде жоғары сынып оқушылары кіші сыныптың балаларын зорлаған туралы фактілер шығып жатыр. Соларды спортқа баулып, мәдениетін көтеретін – Спорт және мәдениет министрлігі. Бірақ, ол заңда ол министрліктердің құзыреті жазылмаған. Сонда, заңдарды талқылап отырған заңгерлер осы мәселені көтермейді? Заңда жоқ болған соң, министрліктерден сұрау да жоқ, сол үшін олар профилактикаға қатыспайды. Басынан бастап, аяғына дейін қарайтын болсақ, жалпылама заң бар, бірақ, ол заңда қорғау нұсқамасы жайында ғана айтылады. Мәселен, ішкілікке ұзақ жылдар бойы салынып жүрген адамға бір жапырақ қағазды ұстатып, «енді ішпеңіз» деп ескерту жасағанның өзінде, ол адам міндетті түрде қорғау нұсқамасын бұзады. Өйткені, оған заң бойынша не жай ғана ескерту, не үш тәулікке дейін қамау береді. Көбіне, ескерту беріледі. Міне, заңның кемшілігі осы. Отбасында ата-ана өз міндеттерін дұрыс түсініп, жұмыс істеп, балаларының тәрбиесімен айналысса, мемлекет те, полиция да ол отбасыға кірісе алмайды. Ал, қазір күнделікті болып жатқан жағдайда, заң бойынша жай ғана полиция келіп, үш тәулікке жабады да, бірақ ол адам қайтып келіп, отбасына қайтадан күш көрсетеді. Сол себепті, заңға өзгерістер міндетті түрде енгізу керек. Негізі, 2000 жылы педофилия фактілері бойынша Президенттің нақты тапсырмасымен қылмыстық кодекске талқылаулар мен өзгерістер енген, бірақ, өкінішке қарай, соның өзінде, осының алдын ала алмай отырмыз. Әкімшілік құқықбұзушылық кодекске, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы заңға да талай өзгеріс қажет. Міндеттерін талқылап қарасақ, әкімдіктердің, жергілікті атқарушы органдардың заңдарында отбасы мүшелерінің рухани мәдениетін, сана-сезімін, құқықтық білімін көтеру бойынша ешқандай міндет жоқ. Бұл жерде де заңға өзгеріс керек. Осыны неге заңгерлер талқыламайды? Мысалы, қазір бір отбасында өгей әкесі балаға үш жылдан бері зорлық көрсетіп отыр, бірақ шешесі әкесін қорғап отыр. Ал, енді осындай отбасында бала қалу керек пе? Біріншіден, бұндай нәрсеге барып отырған адам өз жазасын алуы керек. Ал, екінші адам, «мен де осындай дүние істесем, мен де жауапкершілікке тартылады екенмін» деген оймен қорқып, бас тартуы керек. Бұл шараның жан-жақты әсері де, тиімділігі де көп. Әлеуметтік әділеттілік керек. Бұл тұста Денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет, әлеуметтік қорғау министрліктерінің барлығы белсенді қатысуға міндетті. Президентіміз атап өткендей, өздерінің жұмыстарының тиімділігін дәлелдейтін белгілі бір көрсеткіштері болуы шарт. Халықтың ықыласына ие болуы үшін, қоғам белсенділерін, ата-ана комитеттерін шақырып, қай ауданда қандай мәселе бар екенін тексеру керек. Мүмкін дүкендерде ішімдіктің сатылуын тоқтату керек шығар. Қыздармен бөлек жұмыс істеу, ұлдарды тәрбиелеу. Бүгінде, әкелер одағы құрылып, әр жерде ер балалармен жұмыс істеуде. Әртүрлі мемлекеттік емес ұйымдар ашылуда. Мысалы, «Сенімен болашақ» ұйымы қазірде неше түрлі конференциялар өткізіп жатыр. Осы механизмдердің бәрін жинап, халықтың сұранысын қанағаттандыру керек. Одан кейін, әр облыстың менталитеті әртүрлі.