Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімінің Ленгер қаласында орналасқан жеке атқыштар ротасында №8 орта мектебінің оқушылары үшін Ашық есік күні өтті.
Аталған әскери-патриоттық іс-шараға 6698 әскери бөлімінің және орта мектептің басшылары, Ленгер қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Жорабек Сазанбайұлы қатысты.
Іс-шара барысында №8 орта мектептің директоры Мейманхан Дүйсеев пен 6698 әскери бөлім командирі подполковник Әнуарбек Нұрмахаметов аталған мектепте «Жас бүркіт” сыныбының ашылуына байланысты әрі қарай бірлесе жұмыс атқару үшін меморандумға қол қойды.
Мұндағы басты мақсат — өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Әскери бөлімде ұйымдастырылған «Ашық есік күні» мектептің жоғары сынып оқушыларына әскери қару-жарақтар көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар қызметтік иттердің жауынгерлік қызмет кезіндегі іс-әрекеттерінен қойылым тамашалады.
Жауынгерлердің тұрмыстық үй-жайларымен танысқан жастарға Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі туралы деректі фильм көрсетілді.
2023 жылы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге аса мән беру қажеттілігін ерекше атап өткен еді. Бұл тапсырманы Ұлттық ұлан әскері белсенді орындап келеді. 20 жылдың ішінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптары еліміздің барлық өңірлерінде ашылып, қазіргі кезде ауқымды жұмыс атқарып келеді.
Айта кетейік, 2003 жылы Ішкі әскерлердің (Қазіргі Ұлттық ұланның) әскери бөлімдерінің базасында іргесі қаланған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалыстары барлық өңірлік әскери бөлімдерде жұмыстарын жалғастырып келеді. Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге үлкен үлес қосып келе жатқан бұл клубтың жастары егемен елдің ертеңгі Отан қорғаушылары болары анық.