Бүгін жұмыс барысымен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай, Қаратау аудандарын аралады.
Қала әкімі Бәйдібек би даңғылын кеңейту, жаңа тротуарлар төсеу, асфальттеу жұмыстарын бақылап, жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігерге учаске аумағынан жаңбыр, қар суын уақтылы бұру үшін дренаж жүйесіне назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, құрылысы жүріп жатқан жол жиегіне көгалдарды төсеу, гүлдер отырғызу, суару жүйесін жүргізу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ қала әкімі ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің ғимаратына барды. Ведомствоны материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарымен танысты.
Одан әрі әкім бүгінгі жұмыс барысы бойынша кезекті айналма жолды қайта құрудың жетінші, сегізінші кезеңдерінің жөндеу жұмыстарын бақылады.
А-2 автомобиль жолын, Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Қонаев даңғылындағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Мердігер мекеме басшылығына жұмыстарды сапалы және уақтылы аяқтау бойынша бірқатар тапсырма берді.
Еске салсақ, осыған дейін, қала әкімі Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен бастаған неміс делегациясымен кездесіп, экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Делегация назарына Мемлекет басшысының екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, Қазақстан мен Германия арасындағы байланысты одан әрі дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. Бүгінде екі ел саясат, экономика, мәдениет, білім, сауда, медицина және басқа да салаларда белсенді ынтымақтастықта.
Шаһар басшысы неміс компанияларымен бірге бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз және оларға қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін айтты. Үшінші мегаполис зор экономикалық әлеуетке ие, қалада кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған көптеген мүмкіндіктер мен перспективалар қарастырылған. Бұл ретте индустриялық, арнайы экономикалық және сауда-логистикалық аймақтардың қызметіне де тоқталды.
Сондай-ақ өзара экономикалық байланысты нығайтып, кәсіпкерлік субъектілері арасында тікелей келіссөздер жүргізуге мүмкіндік жасау мақсатында В2В форматында Қазақстан-Германия бизнес-форумын ұйымдастыруды ұсынды.