Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Спорт шағын ауданынан дендросаябаққа дейінгі аралықтағы балалар теміржолының қазіргі жағдайымен танысты. Бұған дейін жергілікті халық бұл нысанның жылдар бойы тоқтап қалу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Ескере кететіні, бүгінде тар табанды темір жол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етеді.Себебі, қазір нарықта тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар өндірілмейді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай композицияның тапсырысы көп уақытты алады, ал құны тым қымбатқа түседі. Сонымен қатар, теміржолдың біраз бөлігі тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жолдың екі жағынан тиісті қауіпсіздік арақашықтық сақталмағандықтан, бұл аумақтар адам өміріне қауіп төндіреді. Жағдайды жан-жақты зерделеп, Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаңа жаяу жүргіншілер жолын салудың тұжырымдамасын дайындауды тапсырды.
Жоба аясында жүгіру және велосипед жолдарының ұзындығы ұлғайып, ағаштар отырғызылады, көгалдар төселеді, бірнеше воркаут алаңдары салынады. Азаматтардың белсенді демалуына бағытталған бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Бүгінде қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру мәселелері өзекті болып отыр. Себебі, бұл бағыттағы жұмыстар халықтың қолайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, қаланың микроклиматын қалыптастыру маңызды міндеттердің біріне айналды. Қала әкімдігі тарапынан нысандарды көгалдандыру, аумақтарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Демалыс күндері мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков Желтоқсан көшесіндегі гүлзардың құрылысын тексерді. Қала әкімі абаттандыру жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасына ерекше назар аударады. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамыр айының соңына дейін пайдалануға берілетін жаңа демалыс аймағының ауданы шамамен төрт мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс барысында жұмысшылар жаяу жүргіншілер жолдарын төсеп, жаңа қоршаулар орнатады. Сонымен қатар, орындықтар, шағын архитектуралық пішіндер, урналар мен жарықшам жүйелері қойылады. Соңғы кезеңде саябақ көгалдандырылатын болады. Сонымен қатар, Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша Еңбекші ауданында тағы бір саябақ салынады. Серуендеу аймағы Жібек жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысында бой көтереді. Бүгінде мұнда заңсыз нысандарды бұзу және қоқыстарды шығару жұмыстары жүргізілуде. Демалыс орындарының жоспарында тұрғындардың пікірі ескеріледі. Мысалы, өткен жылы Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесуде жергілікті азаматтар бұрынғы «Спутник» дүкенінің жанында сквер салу туралы мәселе көтерген болатын Қала әкімі азаматтардың өтінішін ескере отырып, оны қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Скверді қайта құруға бюджет қаражаты жұмсалған жоқ. Жұмыстар демеушілік еткен жергілікті кәсіпкерлердің есебінен жасалды. Ел игілігіне берілетін екі жаңа алаң да бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын болады.