Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Сонымен қатар Президент үш ауысымды және апатты білім ұясының тапшылық мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды ұсынған болатын. Бүгінде аталған ұлттық жоба көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселені шешуге сеп болып отыр. Айта кету керек, жалпы республикада 2024-2025 жылдар аралығында Ұлттық жоба бойынша барлығы 369 мектеп ашу жоспарланып отыр. Биыл 600-ден 1500 орынға дейінгі сыйымдылығы әр түрлі 26 жайлы мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
«2023-2024 оқу жылын 3 820 703 оқушы аяқтады, оның ішінде 186 мың түлек мектеппен білім ұясынан түлеп ұшты. Қазақстанда 106 үш ауысымды және 56 апатты мектеп бар. Дегенмен Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәл осы үш ауысымды оқытуды жою, қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасықарқынды түрде іске асырылып жатыр. Жоба бойынша 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орны бар 369 мектеп ашу жоспарланған. Биылғы 1 қыркүйекке дейін 98 мектеп, 2024 жылдың соңына дейін 119 мектеп, ал қалғандары 2025 жылдың соңына дейін ашылады деп көзделіп отыр»,- деп хабарлады минитрліктің ресми сайтында.
Қуантарлығы, Шымкентте «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 18 мектеп салу жоспарланған. Яғни бір ауысымда 28 мың жаңа оқушы орнын (екі ауысымда 56 мың орын) ашуға мүмкіндік береді. Өткен жылы үшінші мегаполисте 12 мектептің құрылысы басталған. Осы аралықта нысандардың іргетасы қаланып, қаңқасы тұрғызылды. Бүгінде білім ошақтарының ішін әрлеу, инженерлік желілерді тарту және ауланы абаттандыру сынды жұмыстар жүргізілуде. Білім ұялары ағымдағы жылы қолданысқа тапсырылып, қаладағы оқушы орны тапшылығы мәселесін шешуге сеп болмақ. Оның ішінде 9 жайлы мектепті қыркүйектің біріне дейін ашу көзделген.Тағы 6 жайлы мектептің құрылысы 2024 жылы бастау алады деген жоспар ба. Білім ошақтары халық игілігіне 2025 жылдың соңына дейін беріледі деп күтілуде.
Ең бастысы құрылысқа отандық өнім пайдаланылып жатыр. Қазақстандық материалдардың орташа үлесі шамамен 70 пайызды құрап отыр. Қада, цемент, қиыршық тастан бастап, қасбет және шатыр материалдарына дейін – отандық өнім. Жайлы мектептерге арналған жиһаз да тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Бұл ретте басымдық жергілікті жердегі компанияларға беріліп жатыр. Қазір мердігерлер өңірдегі кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, үстел, орындық мен шкафтарға тапсырыс беруде. Бұл кәсіпкерлерді қолдап, ұлттық жобаға бөлінген қаражаттың ел экономикасы үшін жұмыс істеуіне көмек болады.
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?
Айта кетсек, сала жауаптылары жоба аясында салынып жатқан мектептерде оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бейнебақылау камерасы орнатылып, дыбыстық хабарлау жүйесіде орнатылуда. Бұдан өзге, қауіпсіздікті жоғарылату мақсатында,террористік қауіптің алдын алу үшін есіктер мен блоктарды бұғаттау функциясы да ойластырылған. Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес, оқушылардың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуы үшін бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларына арналған спорт залдар, түрлі алаңдармен жабдықталуда. Айта кетсек, жайлы мектептердің ауданы стандартты жалпы білім беретін мектептердікінен 15-20%-ға үлкенірек болады, сондай-ақ техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге артады. Яғни компьютерлер, интерактивті тақталар сияқты заман игіліктері көбірек болады.
Жайлылық пен тиімділікті қаматамасыз ету үшін бастауыш сыныптар, орта/жоғары буын оқушылары үшін жеке блок жасалады, яғни олар бөлек есіктен кіріп-шығады, бөлек спортзалы болады. Осылайша, мектепішілік кеңістік ыңғайлы болады, оқушылар бір-біріне кедергі келтірмейді. Ал мектеп ауласында үлкен стадион, универсалды спорттық және балалар алаңқайы орналасады. Осылайша, жайлы мектептердің спорт алаңында аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік болады. Қолданыстағы стандарт бойынша мектептерге кіреберіс жол екі жағынан қамтамасыз етілуі тиіс, ал біз ені кемі 6 метр болатын кірме жолдарды төрт жақтан да саламыз. Бұл, біріншіден, ыңғайлы, ал екіншіден, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Таңертең ата-аналар балаларын мектепке әкелгенде көлік кептелісі болмас үшін автотұрақтар кең әрі көп болады. Аялдамалар, бюағдаршамдар, жүргіншілер жолағы, жылдамдық бәсеңдеткіштер де орнатылады. Біздің мақсатымыз-оқушылардың ең қолайлы жағдайда сапалы білім алуын қамтамасыз ету.
САПАЛЫ МЕКТЕП – САПАЛЫ БІЛІМ
Шымкент қаласында 2022 жылы 46 мектеп ашылса, 2023 жылы 21 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде 3 мемлекеттік мектептің қосымша ғимараттары мен 19 928 оқушыға арналған 18 жекеменшік мектеп те бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласында үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі толығымен шешімін тапқан болатын.
Жаңа мектептердің ашылуы мен білім ордасындағы инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базасының нығаюы білім сапасына оң әсерін тигізіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Шымкенттік оқушылардың білім сапасына қатысты көрсеткіштер жылдан – жылға жақсарып, жоғары көрсткішке жетуде. Статистикаға сүйенсек, 2021-2022 оқу жылы Шымшаһар шәкірттері білім сапасының деңгейі 51,1 пайызды құраса, 2022-2023 оқу жылы 56,2 пайызға жеткен. Яғни көрсеткіш 5,1 пайызға өскен. Шымкенттік оқушылар халықаралық және республикалық білім сайыстарынан 2023 жылы 92 жүлделі орынға ие болған болатын.
МҰҒАЛІМНІҢ ЖҰМЫС КӨРСЕТКІШІ — ОҚУШЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ
Шымкенттегі білім ұяларында түрлі ақпараттық жүйелерді енгізуді жоспарлануда. Сонымен қатар жаңа оқу жылында мектеп директорынан бастап шаруашылық ісіне жауапты қызметкерге дейін жаңа жұмыс форматын үйренетін арнайы семинар өткізу көзделіп отыр. Шаһардың бас ұстазының айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныпқа келген балалардың білімін тексеру арқылы арқылы балабақшадағы оқыту жағдайын тексеруде жоспарлануда. Бұл жұмыстар осыған дейін де жүргізілген. Алайда жүйелі түрде тоқсан сайын тексеріп, әр балабақшаның рейтингін шығаруға болады екен. Тағы бір жаңашылдық,- ол ұлағатты ұстаздардың жүктемесін автоматты түрде бөлу жүйесін іске қосу. Ол үшін сала жауаптылары 1С компаниясымен келіссөздер жүргізуде. Осы тұста ұстаздардың жұмыс көрсеткішінің бірі – оқушының нәтижесі деп текке айтпаса керек…