Шымкент мектептерінің жанынан жылыжай кешендері ашыла басталды. Қазір 16 білім беру ұйымында ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Бұл бастаманың маңыздылығы сол –оқушыларды еңбекке баули отырып, қоршаған ортаға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту. Қарапайым еңбекке қалыптасуға тәрбиелейді.Сондай-ақ оқушылар тропикалық белдеуде өсетін жеміс ағаштарына тәжірибе жасап, жерсіндіріп жатыр. Ұстаздардың көмегімен оқушылар жылыжайда түрлі өсімдіктерді баптап, көкөніс өндіруге ниетті. Жұмысты жандандыру үшін мектеп оқушылары ғылыми бағытта түрлі идеяларды тәжірибеге енгізіп көруді бастап кетті. Осының арқасында зертханалық алаңдарда 800-ге жуық өсімдік түрі жайқалып шықты. Оқушылар оларды тек күтіп-баптап қана қоймай, IT саласының жетістіктері пайдаланып, ғылыми жобалар жасауға кірісті.
№89 ІТ мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушылары жаратылыстану пәнін жылыжай кешенінде өткізеді. Мұнда өздері шығарған қияр мен қызанақтың көшетін егіп, зертханалық талдаулар жасайды. Өнімді еселеудің жолдарын ізденіп, ғылыми жұмыстармен айналысады.
Зертханалық кешенге оқушылардың ІТ технологиядағы жетістіктері де енгізілген. Жылыжайды желдету мен су бүрку жүйесі қалта телефоны арқылы басқарылады. Сонымен қатар су температураларын робот көмекшілер бақылайды. Заманауи мүмкіндіктер экзотикалық жеміс ағаштарын жерсіндіріп, ерекше күтімге алуға көмектесті. Ал Нұрлыбек Қошқаровтың айтуынша тропикалық белдеудің іші 20 градус жылылықтан төмен болмауы керек. Сонда ғана жеміс ағаштары жайқалып, бүр жарады.Ізденімпаз өрен жетекшісінің бағыт-бағдарымен автоматтандырылған жүйені меңгеріп алды.
Талабы жоғары оқушылар картоп пен жержаңғақ көшеттерін топырақта емес, сумен өсіп, өндірді. Аэропоникалық тәсілдің арқасында банан мен лимон, құрма ағаштарының көшеттері шығарылып, жерсіндірілді.
Мектеп оқушылары жылыжай кешенінде 100-ге жуық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Ондағы үздік деп танылған 5 жоба республикалық байқауға жолдама алып, жүлделі орынға ие болды.