Шымкентте шағын шаруашылықтар мен тауарды терең өңдеушілер арасында тығыз байланыс орнады. Нәтижесінде агроөнеркәсіптік кластер құрылып, қайта өңдеу саласында 2,3 % -ке өсім байқалды. Сала мамандарының сөзінше бұл бастама кәсіпорындардың қуаттылығын арттырып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан толықтырады.
Биыл Шымкентте сиыр сүтін қайта өңдейтін 3 кәсіпорын іске қосылды. Тағы 8 цехқа соңғы техникалық қондырғылар сатып алынып, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік алды. Кластерлі жобаларды қолдаудың арқасында шағын фермалар көбейіп, шикізат тапшылығы шешімін тапты.
Цех басшысы Санжарбек Абдувахидов үш бірдей фермамен келесім шарт жасасты. Шаруашылықтардан күнделікті 20 тонна сиыр сүтін қабылдап, одан 10 түрлі тауар түрін дайындайды. Ал импорттық өнімнен сапасы жағынан қалыспас үшін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасқан.
Қаладағы қайта өңдеу ісімен айналысатын кәсіпкерлер импорттың орнын отандық өніммен толтыруға ниетті. Әзірге 50 ден аса өндірісте сүт өнімдерінен бөлек ұн, макарон, ірімшік, шұжық және көкөніс консервіленеді. Сондай-ақ балық пен бал өндірісі де жолға қойылды.
Жергілікті әкімдіктегілер ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін жандандыру мақсатында кластерлік жобаларды қолдауға көңіл бөліп отыр. Басқарма өкілдерінің сөзінше биыл 91 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Осылайша мемлекеттік бағдарлама аясында экономиканының маңызды секторын дамытуға басымдық берілді.
Сондай-ақ, «Қайнар бұлақ» тұрғын алабында тамақ өнеркәсібін дамыту үшін арнайы индустриалды аймақ салынып жатыр. Аумағы 139 гектар болатын кешенде 30-ға тарта кәсіпорын салынбақ. Салаға жауаптылар жыл соңына дейін инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталатынын айтады.