Шымкент қаласы бойынша 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарламаға өтінім қабылдау басталады. Қабылдау 2023 жылдың 8 қараша күні сағат 9:00-ден 10 қараша сағат 19:00 аралығында жүргізіледі.
«Жастар» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын басты талаптар:
– Жасы 35 жасқа толмаған жұмыс істейтін жас болуы тиіс;
– Өтінім берушінің соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі;
– Өтініш берушінің Шымкент қаласында соңғы 3 жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар, өтініш берушінің отбасы мүшелерінің осы елді мекенде тұрақты тіркелуі;
– Өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 АЕК-тен (138 000 теңге) асуы шарт.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш бере алады.
Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Сарғалдақов жастарға арналған арендалық тұрғын үй бағдарламасының басталуы бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Шаһарда 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасына өтінімдер қабылдау 8-10 қараша аралығында жүргізіледі.
—Аталған бағдарлама бойынша биыл жұмыс істейтін 888 жасты арендалық пәтермен қамту көзделіп отыр. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтердің 60 пайызы некеде тұрған өтініш берушілерге, 40 пайызы некеде тұрмаған жастарға беріледі. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы — 904, 2021 жылы — 300, 2022 жылы — 857 азамат пәтермен қамтылды,— деді басқарма басшысының орынбасары.
Бағдарламаға қатысушылар kezekte.kz электронды порталында ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады.
Шымкентте 201 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. 1 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау, баспананың алғашқы жарнасын өтеуге бағытталады. Мұндай жеңілдік үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен асыраушысынан айырылған және ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-анасына жасалды. Бюджеттік ұйым қызметкерлері де, қайтарымсыз қаражатқа ие болды. Оларға мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа баспаналар ұсынылады. Сертификатқа өтініш беру әлі де жалғасып жатыр. Биыл бұл мақсатта бюджеттен 400 миллион теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік қолдау баспанамен қамту операторының келісімімен жүргізіледі. Қалада үй кезегіне 50 мыңнан астам азамат тұр. Шымкентте көп қабатты үйлердің 40 проценті ескірген. «Тұрғын үйді жаңғырту» жобасымен тозығы жеткен үйлер жаңғыртылып жатыр. Бағдарламаға қатысушылардың қатары күн санап көбеюде. Қазір қаладағы 84 үйдің тұрғындары кезекте тұр. Алайда, салынғанына көп уақыт өте қоймаған үйлерден де ақаулық анықталуда.