Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылысы жүріп жатқан жаңа әуежай терминалына барып, бір ай бұрын берген тапсырмаларының орындалу барысы мен жұмыс қарқынын бақылап қайтты.
Шаһар басшысы сала мамандарымен кездесу кезінде әрбір нысан құрылысы белгіленген мерзімде тапсырылып қана қоймай, сапалы шығуы тиіс деп шегеледі.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жолаушылар терминалы құрылысының 1-кезеңі аяқталды. Шатыры монтаждалып, қасбеті жаңғыртылды.
Сонымен қатар, жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.
Аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш еселеніп, 2 000 адамға артады. Жаңа терминалдың жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді құрайды. Соңғы стандарттарға сәйкес 4 галерея қарастырылған.
Қазіргі таңда перрон құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 6 гектар аумақта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әуежай жұмыстарының 2-кезеңі 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қосымша оқу корпустарының құрылысын аралап, құрылыс жұмысын бақылау барысында сапасын қатты сынға алды. Ең алдымен, Сайрам тұрғын алабындағы № 12 спорт мектебінің қосымша корпусымен танысты. Нысан екі ауысымда жұмыс істейді. Әр ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады. Жобаға сәйкес ғимараттың жертөлесінде пауерлифтинг, ауыр атлетика оқу-жаттығу залдары, киім ауыстыру, жуынатын орын, бапкерлер мен төрешілер бөлмелері қарастырылған. Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, киім бөлмесі, 18 орындық асхана, 210 орындық әмбебап спортзал, медпункт болады. Ал екінші қабатында демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон оқу-жаттығу залдары орналасады. Қазіргі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 72% орындалған. Құрылыс келесі жылға өтпелі. Сондай-ақ қала басшысы аталған тұрғын алаптағы № 10 колледждегі құрылыс жұмысын бақылады. Мұнда 300 орындық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Корпуста 200 орындық асхана мен АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Аталған колледждің құрылыс жұмысын бақылау барысында Ғабит Әбдімәжитұлы сапасына қатты сынға алды. Сондай-ақ халық игілігі үшін жұмысты тиянақты әрі әділ істеу керектігін баса айтты. Жауапты мердігер басшысы қателікті тез арада ретке келтіретінін жеткізді. Айта кетсек, мұнда 300 орындық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Корпуста 200 орындық асхана мен АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс. Қала әкімі жауаптыларға ғимараттар құрылысын жобаға сай жүргізіп, нысандарды өндірістік кестеге сәйкес қолданысқа беруді тапсырды.