Халқы миллионнан асатын қаланың инфрақұрылымы дамыған, инвестициялық жобалар қарқынды іске асып, бірқатар салаларды жандандыруда республикада көш басында келеді. Қаланың негізгі капиталға салынған инвестициясы 2019 жылмен салыстырғанда 2,2 есе артқан.
Экономикалық әлеуетті жандандыру мақсатында Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 2023 жылға арналған 6 нысаналы индекатор белгіленген. Олар – кәсіпорындарды цифрландыру жүйесіне көшіру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, сауда, қала аумағындағы базарларды қайта жаңғырту және ретсіз сауда.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазір қаламызда 839 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп келеді. Оның 24-і ірі кәсіпорын, 45-і орта және 770-сі шағын кәсіпорын. 2023 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндірісін 767 млрд теңгеге жеткізу жоспарланыпты. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 196 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 97,7 пайызды құраған. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар да жыл басынан бері 9,140 мың тоннаның өнімін өндірген. Оның 3,824 тоннасын «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС өндірсе, «HILL Corporation» мекемесі – 5,316 мың тонна өнім шығарған. Ал, жылдық жоспар – өнімді 70 мың тоннаға жеткізу, деді жауаптылар.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 235 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 98,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің төмендеуі өңдеу өнеркәсібі саласының — 2,3 пайызға, электр, газ және бу беру — 4,2 пайызға төмендеуі есебінен қалыптасты. Ал кен өндірісі 20,3 пайызға, сумен жабдықтау саласы 52,3 пайызға өскен. Көрсеткіштің төмендеуіне «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС-ның 15 наурыздан 7 сәуірге дейін жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуінен орын алды. 2022 жылдың наурызында 523 мың тонна мұнай өңделсе, биылғы үш айда өңделген өнім 248 мың тоннаны құраған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 275 мың тоннаға немесе 12%-ға төмендегенін білдіреді. Мұнай өңдеу саласы өнеркәсіп өндірісі үлесінің 60 пайызын құрайтындықтан арадағы жөндеу кезінде осы саланы 98,8 пайызға дейін төмендетті. Жыл соңына дейін мұнай өңдеу зауыты жоспарланған 6,0 млн тонна мұнайды өңдеп, көрсеткішті 102,5 пайызға жеткізу жоспарланған.