Шымкент қаласы Абай аудынында ардагерлерге құрмет көрсетілді. Аудан әкімдігі ақсақалдар мен көпбалалы батыр аналарға дастархан жайып, ізгі тілектерін жеткізді.
–Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Себебі тіршіліктің тынысы мен ажары, барлық ізгіліктің бастауы өздеріңіз. Бүгінде қаламызда 87 мыңнан астам зейнеткер болса, оның 23 мыңнан астамы, яғни 26 пайызы ауданымыздың қадірменді тұрғыны. Қарттарымызға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен көмектің сапалы болуы Мемлекет басшысының басты назарында. Осы саясаттың аясында, қаламызда зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қызмет көрсетіп келеді, — деді салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Бұхарбай Парманов.
Айта кетсек, жуырда қалалық ардагерлер кеңесі «Ең үздік аудандық ардагерлер ұйымы» байқауын ұйымдастырған болатын. Осы сайыста Абай ауданы ардагерлер ұйымы шаһарда ең үздік деп танылыпты.
Салтанатты жиында патриоттық өлеңдер, ана, әке және отбасыға арналған әндер орындалып, жиылған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек, шаһарда қарттарға арналған «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмыс істейді . Мұнда зейнет жасындағы азаматтар 4 сағаттық қызмет түрлерін тегін ала алады. Ең басты шарт, зейнеткерлер жүріп-тұра алатын, яғни орталыққа өз аяғымен келетін жағдайда болуы керек. Орталыққа келген бойда олар алдымен дәрігерлік тексеруден өтеді. Қан қысымы өлшеніп, басқа да денсаулық жағдайы жіті тексеріледі. Күн сайын таңертең орталық жұмысы дене жаттығуы мен әнұран айтудан басталады. Содан соң қай ардагер қайсы үйірмеге қатысқысы келеді, сол жаққа қарай барады. Жазылған уақытына қарай әркім өзіне ұнаған қызмет түрін ала береді. Ол жоғарыда аталған, йога, хореография, АРТ терапиясы, массаж немесе бильярд болуы мүмкін. Бұдан бөлек ата-әжелер арасында спорттық іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Шахмат, дойбы, теннис, тастаяқтан ардагерлер осы іс-шара аясында өзара жарысқа түседі. Сонымен бірге туған күн мен мерейтойлар да орталықта атаусыз қалмайды. Бұл кезде туған күн иелері мекеме тарапынан сыйлыққа ие болып, жылы лебіздер мен құттықтау тілектерді естиді. Күн жылы кезде әр аптаның жұмасында демалушылар барлығы бірге қаладағы денросаябаққа барып серуендейді. Олармен әлеуметтік қызметкерлер, дене шынықтырумен айналысатын мамандар, психологтер мен дәрігерлер де бірге еріп барады. Денросаябақта скандинавиялық жүріспен саябақты бір аралап жүріп өтеді. Сосын топ-топқа бөлініп, эстафеталық ойындар ұйымдастырылады. Соңында ән айтып, би билеп барынша көңіл көтеріп қайтады.