Тұран ауданының әкімі Боранбай Булатбеков Отырар 59 мекен-жайындағы тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында тұрғындар арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жеткізді.
Биыл Отырар 59 көп қабатты үй ауласындағы ойын алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, сынған орындықтар қайта қалпына келтіріліп, аяқжолдар салынды.
Тұрғындар өтініші бойынша, Отырар 59 ауласына ашық спорт алаңшасын салуға бос жер телімі қарастырылып жатыр.
Аудан әкімі кездесу барысында айтылған мәселелердің күрделілігіне қарай, өз мерзімінде шешілетіндігін айтты. Сондай-ақ, мамандарға тиісті тапсырмалар берді.
Тұран ауданында 220 мыңнан аса тұрғын бар. Ауыз сумен және электр жарығымен қамту 99,5 пайыз, ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 95,5 пайызды құрайды. Ауыз су және электр желісімен қамтуды келесі жылы 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Табиғи газ мәселесі 2025 жылы толық шешіледі. Өткен жылы 17 көше жарықтандырылса, биыл 22 көшені жарықтандыру жоспарда.
Қазіргі уақытта ауданда жоспарға енген 22 көшенің 12-де жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Биыл 39 көшеге (32,3 шақырым) орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстары жүргізілуде.
– Бұған дейін төрт ауданның тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдадым. Бүгін сіздермен танысып, көкейлеріңізде жүрген мәселелерді өздеріңізден естіп, жұмысты жүйелеу үшін келіп отырмын. Жаңадан құрылған аудан болғандықтан әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Барлық сала бойынша мәселелер, кезең-кезеңімен, бюджетке байланысты шешіледі. Қазіргі уақытта тұрғындар тарапынан ең көп көтерілген мәселелерден хабардармын. Енді осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз, – деді қала әкімі.
Осыған дейін қала әкімі Тұран ауданының тұрғындарымен кездескен еді. Жиында тұрғындар инфрақұрылыммен қамту, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру, әлеуметтік мәселелер бойынша талап-тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, Жаңаталап елді мекені тұрғындары жарықтандыру мәселесін көтерсе, Самал-1 шағынауданы тұрғындары демалыс орны қажеттігін, Ақтас шағынауданы тұрғындары балабақша, қоғамдық көлік мәселесін шешуді сұрады. Сондай-ақ, көшелерді асфальттау, атау беру, ирригация жүйелерін орнату, әлеуметтік мәселелер де айтылды.
Қала әкімі әр тұрғынның мәселесін тыңдап, нақты жауаптар берді. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.