Шымкенттік дәрігерлер шетелде білімін жетілдіреді, біліктілігін арттырады. Қазіргі таңда 16 медицина маманы Израиль елінің дәрігерлерімен тәжірбие алмасып жатыр. Бұл жоба Шымкент үшінші мегаполис аталғалы алғаш рет қолға алынып отыр.
Басқарма өкілінің айтуынша соңғы 5 жылда шаһар дәрігерлері шет мемлекетке бармаған, тәжірбие алмаспаған. Мәселені оңтайландырып биыл 16 медицина қызметкерін Израильге жіберіпті. Жыл соңына дейін тағы 30 маманды жіберу жоспарда бар дейді.
Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша биыл ана өлімі тіркелмеген.Ал нәресте өлімінің көрсеткіші төмендеген. Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды, нәтижесінде төсек саны 315-тен 495-ке ұлғайтылды.
Қазіргі уақытқа дейін медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамту көрсеткіші 79 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін көрсеткіш 81 пайыз болуы керек. Ал 2025 жылға дейін ауруханаларды құрал жабдықтармен жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 10,5 млрд теңге қаржы бөлінеді.
Өткен жылы Шымкенттік 210-ға жуық дәрігер шетелге барып білімін арттырған. Оған жергілікті бюджеттен 34 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.Бұл жайында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков баспасөз брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша мамандар Ресей, Беларусь мемлекеттерінде тәлім алған.Республиканың үшінші мегаполисі медициналық кластер бойынша қарқынды даму үстінде. Олай дейтін себебіміз, бүгінде Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан және шетелдік, отандық инвесторлар арқылы шаһарда түрлі жобалар іске асырылып, саладағы қызмет сапасы жақсарып келеді.Мәселен, жуырда қаладағы «Жүрек орталығында» мамандар өте керемет операциялық әдісті орындады. Соның көмегімен ағзадағы ең маңызды органын алмастыруды қажет ететін науқасқа дәрігерлер LVAD қондырғысын орнатып берді. Науқас – 60 жастағы кісі. Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін айтып, мұндай операция асқан шеберлікті талап ететінін және оның жоғары технологиялы хирургиялық амалға жататынын жасырмады.Операциядан шыққан науқас «Жүрек орталығында» білікті кардиологтардың бақылауына алынды. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, жасанды қондырғы арқылы енді науқастың жүрек қызметі жақсара түседі. Жалпы мұндай ағзаға қондырылатын құрылғыны мамандар ауыр халге шалдыққан науқастарға кардиохирургиялық жолмен бұған дейін де орнатқан. Ресми дерекке сүйенсек, жергілікті кардиологтар осы күнге дейін 10 науқастың жүрек қызметін LVAD аппараты арқылы жақсартып берген.