Уақытпен үндесіп, заман талабынан шыға білген почта қызметінің халықпен етене жақын жұмыс істеп келе жатқанына да біршама уақыт болды. Жыл өткен сайын аудандық почта байланысы торабының қызметіне жүгінушілер қатары артпаса кеміген жоқ. Ақпараттық технологияның дамыған дәуірімен тұспа-тұс келген қазіргі шақта аталмыш мекеменің де қызмет көрсету аясы кеңейе түсті. 9-қазан дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай «Шымкент почтамт» мекемесінде жазылушылар күні іс-шарасы басталды. Қазпочтаның 30-жылдығы мерекесімен қатар келген бұл күні- қала тұрғындары мен газет-журналдар қызметкерлері дөңгелек үстел басында кездесті.
«Қазпочта» тек зейнетақы, газеттер таратумен ғана айналысайды. Қазіргі дамыған үрдіспен айшылық алыс жерлерден сәлемдемелер, хат-хабарлар жеткізіп, бас-аяғы елуден астам қызмет түрін халыққа ұсынып келеді. Бүгінгі жазылушылар күніне орай ұйымдастырылған жиынға келген жергілікті басылым қызметкерлері іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Мерекелік шарада «Шымкент почтамт» мекемесінің директоры қала тұрғындарын айтулы күнен құттықтап, филиалдың атқарып отырған жұмыстарына біршама тоқталды.Ағымдағы жылдың 8 айында табыс жиынтығы бойынша бекітілген жоспардың 112,5 пайызға орындалғанын жеткізді.
«Қазпочта» АҚ Шымкент почтамт филиалы боп 2022 жылдың 1-қаңтарында қайта құрылды. Жиынға келушілер уақытпен санаспай тер төгіп жүрген пошта қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, әннен шашу шашты.
9 қазан – пошташылардың төл мерекесі. Дүниежүзілік пошта күні — Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін халықаралық күндердің бірі.
Бұл күні Дүниежүзілік пошта одағы 14-ші конгресінің шешімімен одақтың 1874 жылы құрылған күні құрметіне атап өтіледі. Ал Дүниежүзілік пошта күні ретінде Пошташылардың дүниежүзілік одағының 1969 жылы Токиода өткен конгресінде жария етілді.
1874 жылы 9 қазанда Швейцарияның Бьерне қаласында 22 елдің өкілдері Бас пошта одағының негізін бекітетін Берн келісіміне қол қойды. 1878 жылы одақ өз атауын өзгертіп, Дүниежүзілік пошта одағы (ДПО) деп атала бастады. Бүгінгі күні ДПО-ға 189 мемлекет мүше. Бүкіл әлемде 9 қазаннан бастап халықаралық хат апталығы өткізіледі.
ДПО-ның мәліметтеріне сәйкес, халықаралық пошта өз клиенттерінің 6800 тілінде сөйлейді және поштаны жеткізіп салудың әлемдегі ең ұзын желісі. Ол тауарларды сенімді, тиімді әрі артық шығынсыз жеткізіп салуды, сондай-ақ идеялар алмасуды қамтамасыз ету үшін арналған. ДПО әртүрлі ауқымдағы фирмаларға клиенттерді іздеп табуға және олардың сұраныстарына жауап беруге көмектеседі.
Қазақ жерінде де поштаның өзіндік дәстүрлі тарихы бар. Ресми түрде пошта бөлімдері ашылмаған тұста да қазақ даласының о шетінен бұ шетіне хабар жеткізетін арнайы қызметкерлер болыпты.
Жаушының, елшінің жолға шыққандағы мақсаты жауластыру, не елдестіру болғанымен, бұл мақсаттың түп-төркінінде бір жерден екінші жерге ақпарат жеткізу мұраты тұрған.