Өмірде сан алуан мамандықтың түрі бар. Бірақ соның ішінде адамды жетістікке жеткізетіні сүйіспеншілікпен істелінетін іс болмақ. Бүгінде өз ісіне жауапты, сөзіне берік мамандар көп. Жұмысы оңай болмаса да мамандығына деген махаббатымен жылдар бойы өз саласында еңбек етіп жүрген жандар жетерлік. Соның бірі – бүгінгі біздің кейіпкеріміз Сәуле Әбдиева. Ол отыз жылдан бері балабақша тәрбиешісі болып қызмет атқарады. Бүгінде №40 «Нұрлан» балабақшасында қызмет ететін Сәуле Ералықызы балаларды еңбекке баулып жүргенін мақтан тұтады.
–Мен педагогика және бастауыш мектепте оқытудың әдістемесі мамандығында оқыдым. Бірақ жаным қалағаны – мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі мамандығы болды. Бала кезімнен тәрбиеші болуды армандаған едім. Осы арман мақсатпен Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтына оқуға түстім. Балалармен ойнау, олардың қылықтары жаман адамның жүрегінің өзін жібітіп жібереді ғой. Балаға жақсы тәлім-тәрбие беру сауапты да жауапты іс. Әрине ата-ананың тәрбиесіне ештеңе жетпейді ғой, бірақ балалардың жақсы адам, білімді азамат болуына кішкене болсын өз үлесімді қосқым келді. Өз ісімді мақтан тұтамын. Тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес. Ол – баланың бағдарын айқындаушы, келешек ұрпақтың сәулетшісі. Тәрбиеші болу үшін, тәрбиеленген болуың керек. Сол үшінде біз алдымен өз тәрбиемізді басты назарда ұстаймыз. Өйткені бала айтқанды емес көргенді істейді, қайталайды. Әр бала бір үйдің еркесі болғандықтан мінезі де сан түрлі болады. Біз олардың әрқайсысына түсіністікпен қарауымыз керек. Қисық қыңырлығына қарамай балаларды жақсы көру – ұстаздың ұлы қасиеті деп білемін. Егер адам өзінің мамандығын жақсы көрсе, онда ол қуанышпен және ықыласпен жұмыс істейді, кәсіби түрде өседі және жақсы нәтижелер мен табыстарға қол жеткізеді. Өзіңнің жүрегіңе жақын істі бастағанда көзің жанып, ұшқын атып, жаның жарық сәулемен толатыны ешкімге де құпия емес. Балабақша жұмысында жалықпайсың. Әрбір күн – ол қызықты оқиғаға толы, – деді С. Ералықызы.
Болашақ ұрпақты тәрбиелеу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір баланың тілін тауып, онымен дос болу оңай іс емес. Тәрбиеші балалардың қызығы мен шыжығын көріп, еркелігін көтеріп, анасындай бауырына басады. Отбасы мен балабақша бірлесіп тәрбиелеген бала – жемісі мол ағашпен тең. Себебі – жаңа отырғызылған бұтақ пен бала бойындағы қасиеттер ұқсас келеді, дейді білікті тәрбиеші.
–Ағашқа су құйып, жылуын беріп, баптағандай баланы тәрбиелеуде шыдам мен төзім маңызды. Оның ішінде тәртіпке баулу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қасиеттерін бойына сіңіре білу айтылғанда оңай естілгенімен оны іске асыру жеңіл емес. Ағаш өсіп, қатайғаннан кейін жапырағы жайқалып сая болғанындай, бүлдіршіндер де жақсы қасиеттерді бойына жинаса, өзгелерге үлгі көрсете бастайды. Үлкен еңбектен кейін жеміс берген ағаш секілді, тәрбиешінің атқарған жұмысының да нәтижесі осы іспетті. Менің көңілім жайқалған жемістерімді көріп марақаяды,– деді С. Әбдиева.
Ағашты қалай ексең, солай өседі. Қисық егілген бұтаны түзету оңай шаруа болмайтыны анық. Сол себепті кішкене күнінен тәрбиені бойына сіңіріп, өмірлік азық беретін тәрбиешілер – ұлт болашағына жауапты екені сөзсіз. Мұны сезіне білген С. Әбдиева сынды тәрбиешілер саналы да тәрбиелі болашақты қалыптастыра алатын маман екені даусыз.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА