Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңадан құрылған Тұран ауданы тұрғындарымен кездесті. Шаһар басшысы тұрғындарға атқарылар жұмыстардың негізгі басым бағыттарынан хабардар етіп, азаматтардың мәселелерін тыңдады.
Алдымен аудан әкімі Боранбай Болатбеков өткен 9 айда атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. Тұран ауданында 220 мыңнан аса тұрғын бар. Ауыз сумен және электр жарығымен қамту 99,5 пайыз, ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 95,5 пайызды құрайды. Ауыз су және электр желісімен қамтуды келесі жылы 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Табиғи газ мәселесі 2025 жылы толық шешіледі. Өткен жылы 17 көше жарықтандырылса, биыл 22 көшені жарықтандыру жоспарда.
Қазіргі уақытта ауданда жоспарға енген 22 көшенің 12-де жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Биыл 39 көшеге (32,3 шақырым) орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстары жүргізілуде.
– Бұған дейін төрт ауданның тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдадым. Бүгін сіздермен танысып, көкейлеріңізде жүрген мәселелерді өздеріңізден естіп, жұмысты жүйелеу үшін келіп отырмын. Жаңадан құрылған аудан болғандықтан әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Барлық сала бойынша мәселелер, кезең-кезеңімен, бюджетке байланысты шешіледі. Қазіргі уақытта тұрғындар тарапынан ең көп көтерілген мәселелерден хабардармын. Енді осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз, – деді қала әкімі.
Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдау барысында қала әкімі басқарма басшыларына: «Бұқарамен етене байланысып, әсіресе инфрақұрылым саласында істеп жатқан жұмыстарыңыздың маңыздылығы мен барысын айтып, қай мерзімде аяқталатынын нақты жеткізіңіздер. Яғни, халыққа үнемі түсіндірме жұмысын жүргізіңіздер» — деп, тапсырма жүктеді. Кездесу соңында қала әкімі кейбір өзекті мәселелерді бүгіннен қалдырмай, арнайы өзі барып көретінін айтты.
Жиында тұрғындар инфрақұрылыммен қамту, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру, әлеуметтік мәселелер бойынша талап-тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, Жаңаталап елді мекені тұрғындары жарықтандыру мәселесін көтерсе, Самал-1 шағынауданы тұрғындары демалыс орны қажеттігін, Ақтас шағынауданы тұрғындары балабақша, қоғамдық көлік мәселесін шешуді сұрады. Сондай-ақ, көшелерді асфальттау, атау беру, ирригация жүйелерін орнату, әлеуметтік мәселелер де айтылды.
Қала әкімі әр тұрғынның мәселесін тыңдап, нақты жауаптар берді. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.