Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен жиынға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтап, еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.
– Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.
– Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты. Осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс.
Президент айрықша тоқталған өзекті мәселенің бірі – мектептегі орын тапшылығы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді.
Мемлекет басшысы жақында еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу мәселесін қозғағанын жеткізді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан қаржысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті ең қауіпсіз орынға айналдырудың, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесін орнатудың маңызды екенін тағы да еске салды. Мектеп оқушылары арасында белең алған буллинг, әлімжеттік, зорлық-зомбылық көрсету проблемасы да Президент назарынан тыс қалмады.
Жиын барысында Астана қаласындағы және өңірлердегі мектептер мен колледждерде еңбек ететін ұстаздар сөз сөйлеп, білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.