Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Су ресурстары — Маркетинг» мекемесі еліміздегі үшінші мегаполистің және өңірдегі бірқатар елдімекеннің тұрғындарын ұзақ жылдар бойы тіршілік нәрі — таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынға биыл 25-жыл толды.
Бүгінгі таңдағы стратегиялық маңызы зор мекеме «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі халыққа қызмет көрсетуде, тұрғындарды, кәсіпорындарды сумен қамтып, ағынды суды тазарту бағытында тәжірибесі мол, жосығы бөлек кәсіпорынға айналды. Шымкенттік өндіріс орындарының бренді деуге болады. Орта Азияда баламасы жоқ өндіріс қондырғыларын іске қосып, табиғаттан алған судың сапасын көтеріп, оны қайтадан табиғатқа беруде заманауи технологияны, жасыл экономика механизмін дұрыс пайдалану жолы ұжымды үлкен жетістіктерге жеткізіп отыр. Кәсіпорын экономиканың қағидалары мен талабын жете меңгеріп, «Парыз» республикалық конкурсы жеңімпазы атанып, көптеген жетістікке жетті. Әрине, мұның барлығы заман талабына ілесе білген Анарбек Онғарұлының басшылығымен және ұжымның жоғары кәсібилігі мен біліктілігінің арқасы. 1998 жылы Шымкент қаласы елімізде ең алғашқы болып тұтынушыларға су өлшеуіш құралдарын орнатқан қала атанды.
Көрме орталығында өткен кәсіпорынның 25-жылдық мерекелік іс-шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподжақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев арнайы қатысып, озық мекемені мерейтойымен құттықтап, бірнеше еңбек озаттарын ҚР Кәсіподақтар Федерациясының атынан Алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ, салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, «Қазақстан су арнасы» ҚР сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары қауымдастығының президенті Валерий Сюндюков, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы, Аманат партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, сала мамандары, коммуналды сала басшылары мен ардагерлері қатысты.
Айта кетейік, кәсіпорында бүгінде мыңнан астам адам еңбек етуде. Олардың үздіктері, өндірістің жан-жақты дамуына сүбелі үлесін қосып отырған инспекторлар мен слесарьлар, инженер-механиктер, дилерлік учаске мамандары, тұтынушылармен жұмысты үйлестіруде еңбегі ерен бөлім қызметкерлер де марапат төрінен көрінді.