Отбасы – шағын мемлекет десек, бұл оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Өкінішке орай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жатқан кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күндегі айқай-шудан шаршаған әйелдердің көбі ажырасуға мәжбүр болады.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей жай қалдырған емес. Қазақстанда балалар, бүкіл әлемдегідей, үйінде, мектепте және басқа да қоғамдық мекемелерде күнделікті қатыгездікпен және зорлық-зомбылықпен ұшырасып отырады, алайда осы кезге дейін қоғам бұл мәселеге аса зейін қойып көрген жоқ. Балалар, ересектер сияқты, негіз қалаушы: сыйлау, қол тигізбеу және адамзаттық абыройын сақтау құқықтарына ие.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға зорлық-зомбылық жасауға болмайды.» делінген. Ал 22- бабында «Әркімнің ар-ождан бостандық құқығы бар.» Неке және отбасы кодексінің бабында ерлі- зайыптылар бір-бірінің алдында жауапты делінген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын немесе психикалық зардап келтіретін қасақана әрекеті десек, көбінесе әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады.
Менің атыма Шымкент тұрғынының баланың құқығын қорғауға қолдау сұраған арызы келіп түсті. Ол арызында ұлдары үйде допқа таласып, ойнап жатқан кезде әкесінің жүгіріп барып, кенже ұлының басынан шапалақпен ұрып жібергенін, оның жерге құлап қалғанын, екінші ұлын ұрайын дегенде араша түсіп қорғап қалғанын, салдарынан мұрнынан қан кетіп, жедел жәрдем шақыру арқылы балалар ауруханасының онкология бөліміне түскенін, ұлынын басынан қатты соққы алып гематома болғаны, сонымен қатар он жыл бұрын тұрмысқа шыққанын, сол жылы күйеуінен қатты соққы алып, қолын сындырғанын, аяғы ауыр кезінде ішінен қатты соққы алып, бірінші баласының мүгедек болып туылып, шетінеп кеткенін, өзінің комаға түсіп, салдарынан қант диабетіне ұшырағанын жазған.
Тағы бір азаматшадан шағым түсіп, онда туған ұлын бейтаныс үш адам ата-ананың жоқтығын пайдаланып тұрғынжайға басып кіріп, құрылыс қалдықтарын үйдің жанына тастағаны үшін, жабылып ұрып тастағаны, нәтижесінде ұлының денсаулығына орта дәрежеде зиян келтірілгенін, алайда сотқа дейін тергеу ұзаққа созылып сотқа жолданбағаны, кәмелетке толмаған баласының моралдық, материалдық, психологиялық зардап шегіп, денсаулығынан айырылғандығын, сол себепті оның құқығын барынша қорғауға көмектесуін өтінген. Н.деген азаматша арызданып, онда қызының үйден шығып кетіп, қайта оралмағандығы жайында жазған. Осы іс бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлерімен жүргізілген жедел іс-шараларының нәтижесінде жасөспірімді Шымкент қаласының темір жол вокзалынан табылды. Тағы бір іс бойынша, кәмелетке толмаған қыз көршісінен ұзақ уақыт жәбір көріп келгенін, оның буллингпен айналысқаның, сол себепті шара көруін сұраған. Осы оқиғаларға қатысты балаларға жасалған зорлық-зомбылық бойынша, буллинг, ата-аналардың ажырасуы салдарынан туындайтын балаға қысым жасау, алимент өндіру, мектептегі және отбасындағы даулар және тағы басқа заңсыз 20-дан астам зорлық-зомбылық сипатындағы іс-әрекеттер деректері тіркеліп, фактілер бойынша зерделеу жүргіздім. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге, мәселелерді шешуге барынша атсалысып, құзырлы органдарға заң аясында шешу жолдарын қарастыру жайында ұсыныстар енгіздім, нәтижесінде ұсыныстардың көбісі өз шешімін тапты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдардың көпшілігі өз құқықтары туралы білмегендіктен бе, әлде өздеріне лайықпын деп есептеуге батылы бармайтындығынан аз шағымданады. Осы тұрғыдан алғанда, отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандарды есеп беруге шақыратындай етіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және оның салдарына қатысты тұрғындар арасында алдын-алу және хабардарлықты арттыратын ақпараттық компанияларды құру өте маңызды деп санаймын.
Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі — бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы — баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп, зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді.
Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады. Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды. Бұл мәселе жөнінде біздің ұлы бабамыз Әбу Насыр әл Фараби:»Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»- деген болатын. Зорлық-зомбылықпен табысты күресу үшін бірінші кезекте осы мәселеге қоғамның көзқарасын өзгерту керек. Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу — бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті. Бала тәрбиесінде тәрбиелілікке жетудің жолы — еңбекке, әдептілікке, инабаттылыққа, адамшылыққа, қайырымдылыққа үйрету. Осылардың барлығын балалардың бойына сіңіріп, күнделікті өмірде әдетке айналдыру тәрбиенің басты мақсаты болмақ. Сонымен бірге бала тәрбиесіндегі тәрбиелілікке үйретудегі пәрменді тәсіл — адамдардың өзара тәлімі мен үлгісі екенін айтқанымыз жөн. Халық даналығы – «Адамнан — адам тәлім алады, ағаштан – ағаш мәуе алады» деген сөз бекер айтылмаған.
Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесіндегі қос босаға — тәртіп пен мәдениет күллі адам атаулының күнделікті әдеттеріне айналған кезде, біздер мейірімі мол қайырымды қоғамды құрып қана қоймай, зорлық — зомбылықсыз балалық шақтың шаңырағын биіктете түскен болар едік. Қазіргі таңда тәуелсіздік алған мемлекетімізде зорлық — зомбылыққа жол бермеу керек. Балалар – еліміздің болашағы. Оларды тәрбиелеу, оқыту, білім беру, болашаққа қадам бастыртып осы өмірде өз орнын таптыру- бәріміздің міндетіміз.