Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы тұрғындарымен есептік кездесуден кейін көтерілген мәселелер бойынша «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына арнайы барды. Қала тұрғыны М. Төлегенова жыл сайын халық саны артып жатқан елдімекендегі мектеп тапшылығы мәселесін жеткізді.
Бүгінде № 95 жалпы орта мектепте 535 оқушы білім алуда. Оқу ордасының ғимараты ескі болғандықтан, орнына жаңа мектеп салу жоспарланған. Қала әкімі аталған нысанды аралап, халықтың ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар бұл білім ошағының іргетасы мен қабырғасы сапалы екенін алға тартып, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтты.
Халықтың талабын ескерген қала әкімі Білім басқармасының басшысына мектепке қатысты тиісті сараптамалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, осы бағытта арнайы комиссия құруды тапсырды. Дегенмен оқушы саны артып отырған тұрғын алапқа қосымша жаңа мектеп қажет. Бұл ретте жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Самал-3 шағынауданы тұрғындары Шұбаркөл, Ізенді, Юсупов көшелерін асфальттау бойынша мәселелер көтерді. Халық жауын-шашын кезінде болатын су басу қаупіне де жауаптылардың назарын аударды.
Мегаполис әкімі тиісті басқарма басшыларына өзекті мәселенің барлығын назарға алып, шұғыл тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы бұдан былай әр деңгейдегі әкім-қаралар халықпен тұрақты түрде кездесу өткізуі керек деп міндеттеген еді. Ал оның нақты күнтізбесін жыл басында үкіметке баяндап отыруы тиіс.
Жаңа құжат бойынша облыс, қала және аудан әкімдері кездесулерінің нақты графигі бекіді. Бұған қоса «халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде» әкім тұрғындармен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс. Ал жиындарда әдеттегідей ұзын сонар баяндама оқылып, жиналғандарды мезі етпейді. Бұған жоспарланған уақыттың төрттен бірі ғана беріледі. Кездесудің негізгі уақыты «сұрақ-жауап» форматында өтуі тиіс.