Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен Салт-дәстүр орталығы бірлесе отырып «Дәстүр мен дін тағылымы» атты іс-шара өкізді.
Аталған шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласының бас имамы Абрахманов Бақдәулет Нұрматұлы, Дін істері басқармасының басшысы Тұяқбаев Әлжан Әлішнерұлы бастаған игі жақсылар мен имамдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, орталықтың Ұлттық және Қолөнер залдарына экскурсия жасады.
Ондағы құнды жәдігерлердің шығу тарихы, қолданысымен толықтай танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, қыз баланың бұрымын өру , «Тұсаукесер» рәсімдері өткізілді. Қолөнер залында әжелердің жүн түту, киіз, алаша тоқу, тоқыма өнерлерін көзбен көріп куәсі болды.
Жиында айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов қонақтарға арнауымен жырдан шашу шашты.
«Ата-ана мың алғыс» айдарында ата-ананың разылығы басты орында демекші, орталыққа имамдар мен қарилардың ата-аналарын арнайы шақырып, оларға сый-сыяпаттарын табыстады.
Өз кезегінде орталық басшысы Бахтияр Әбілұлы жоғары мәртебелі қонақтарға «Дәстүрім – асыл қазынам» атты төл туындымыз бен сый-құрмет көрсетті.
Бас мүфти Наурызбай қажы орталықтың пікір кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырып, орталық басшысына «Ихсан рухани тәрбие негізі» атты кітапбын естелікке берді. Дін мен дәстүр егіз ұғым екенін алға тарта отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы жұмыстарымызға табыс тілеп, оң батасын беріп риясыз көңілмен тарқасты.