Бірінші байлық- денсаулық дейді. Сондықтан қазіргі таңда барлық оқу орындарында жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды тәрбиелеу басты мақсат. Салауатты өмір салты дегеніміз – денсаулықты нығайту мен сақтау, ағзаның дұрыс дамуын қамтамасыз ететін гигиеналық ережелерді орындау. Ол үшін денсаулыққа жағымсыз әрекеттерден атап айтқанда нашақорлық, шылым шегу, ішімдік ішуден аулақ болу қажет.
Осы орайда Шымкент қаласының полиция департаменті Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарында көзделген іс-шараларды іске асыру аясында, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен қала аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Ішкі істер министрлігі және қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар болып тұрады.
Аталған бағыттағы жұмыстарда полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, проректорлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде. Кезекті іс-шара «Парасат» колледжінде жалғасын тапты. Оған қатысқан Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков көрсетілген мәселелер бойынша студенттік жастарға толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды.
Сөз соңында «Парасат» колледжінің студенттері аталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта оқуды аяқтаған соң осы бағыттағы жұмыстарға бірлесіп ат салысуға ниетті екендерін жеткізді.