Төтенше жағдай дегеніміз адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізіші объектілеріне нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін жағдай. Төтенше жағдай туындағанда, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті мөлшерде болуы қажет. Аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы кәсіпкерлік палатасында фармацевтика компанияларымен біріге отырып, осы мәселені шешуді ұсынды.
Жиынға Шымкент қаласының жұмылдыру аймағы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қ.Беубауов, қалалық қаржы басқармасының, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің өкілдері қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, төтенше жағдайлар үшін дәрі-дәрмектің орны бөлек.
Медициналық өнімдер үнемі қолжетімді болуы үшін олардың қосымша қорын жасақтау маңызды. Себебі, төтенше жағдайға арналған қорды жасақтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал біздің мақсатымыз – қосымша қорды әзірлеп отыру. Апатты жағдай кезінде ғимараттағы дәрілік заттар бүлінуі мүмкін. Сақтық шараларын күшейту мақсатында қаланың әр жерінде орналасқан жекелеген фармацевтикалық компаниялардан қажеттіліктерді қамту мүмкін болар еді”– дейді басқарма басшысы.
Ал сарапшылардың ұсынысы бойынша жеке фармацевтикалық компаниялар өздерінде бар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тізімін ұсынуы мүмкін. Жауапты орган жетекшілері қажет болғанда сол өнімдерді пайдаланудың жолын қарастырады.
Ол үшін компанияларға ақы төлеу көзделген. Шымкент қалалық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы өкілдерінің айтуынша, осы мақсатта үш жақты келісім түзілмек.