Шымкент қаласы халқының саны 2027 жылға дейін 1 миллион 450 мың адамға, ал, 2035 жылға қарай 1 миллион 850 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Мамандар қаланың жаңа Бас жоспарында осындай болжамдарды көрсетіп отыр. Сәйкесінше, Бас жоспар халық санының осылай өсуін негізге ала отырып, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін қажетті жағдай қалыптастыру мақсатында жасалған.
Мамандардың түсіндіруінше, Бас жоспарда Шымкентті полицентрлі, яғни, көп орталықты қала ретінде дамыту көзделген. Міне, сол себепті шаһарда жаңадан Тұран ауданы құрылып отыр. Демек, алдағы уақытта Шымкенттегі 5 ауданның өзінің орталық бөлігі, сауда және қызмет көрсету орындары, әлеуметтік инфрақұрылымы, спорттық және мәдени кешендері, саябақтары болады. Тұрғындар өзіне қажеттіні табу үшін қаланың екінші шетіне қарай сабылып жүрмейді.
Бас жоспарда қаланың дамуы негізінен солтүстік бағытта болады деп көзделген. Атап айтқанда, қазір Тұран және Шымкентсити шағынаудандары жаңа орталық ретінде қарқынды даму үстінде. Мамандар болашақта, Абай, Еңбекші, және Тұран аудандарының да осындай өз орталықтары қалыптасады деп жоспарлаған. Сонымен қатар бұл аудандардың аумағында ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындар кластерін орналастыру да көзделген.
Шымкент қаласының бас жоспарын әзірлеуге «Градкомплекс» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.
Қазіргі таңда бас жоспардың 1-кезеңінің жұмыстары бітті. Бір ай бойы жүретін қоғамдық талқылаудан соң мамандар ұсыныс-талаптарды ескеріп, маңыздысын жоспарға енгізіп, жыл соңына дейін Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жасақталады. Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар ҚР Премьер-Министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.