Тұрғын үй субсидиясы – пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмек. Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері Шымкент қаласында 2022 жылы – 458, 2023 жылы – 433 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде. Қазіргі таңда тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Өтебаева Жанат мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына келесі төрт санат бойынша – кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар қатыса алады. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Субсидия алуға үміткер депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады. Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.
Қазақстандықтар өз өтінімдерін жылдам әрі кезек күтпей берулері үшін барлық процестер онлайн режимде ұйымдастырылған. Өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы otbasybank.kz порталында «Жалдау ақысын субсидиялау» бөлімінде беріледі. Халықтың белгілі бір әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаға сәйкес, «Отбасы банкі» тарапынан субсидия ай сайын төленетін болады. Шартты мерзімінен бұрын бұзуға және басқа жалға берушімен жаңа келісімшарт жасасуға болады. Бұл жағдайда өтініш беру процесі қайтадан басталады. Сонымен бірге төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіп, жыл сайын субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігін тексереді.