Тамыз айы басталысымен-ақ ата-аналар жаңа оқу жылының қамына кірісіп, балаларын мектепке дайындай бастайды. Осы уақытты тиімді пайдаланып қалғысы келетін саудагерлер де нарықта бағаны көтеріп, қалтаны қағатыны тағы бар. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін баланы мектепке дайындау едәуір қаражатты талап ететіні анық. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылды. Биыл да әртүрлі санаттағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға әр бала үшін 41 мың теңгеден қаржылай көмек үлестірілді.
Сондай-ақ отандық өнімдерге қолдау көрсету, бағаның шарықтауына жол бермеу мақсатында «Мектепке жол» атты республикалық жәрмеңке еліміздің көптеген қалаларында өтіп жатыр. Шымкентте де «Мектепке жол» акциясы аясында отандық өнімдердің ауқымды жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңкеде 15-ке жуық кәсіпорын өз өнімін ұсынды.
–Бүгінгі іс-шараның мақсатының бірі – отандық өнімді қолдау. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында шымкенттік отбасыларға да үлкен жеңілдік деп білемін. Себебі өндірушілер біріншіден сапалы өнімдер ұсынуда, екіншіден бағасы қалтаға қонымды. Оның үстіне мұндай жәрмеңкелер базар өнімдеріне бәсекелестік орнатып, бағаның шарықтауына жол бермейді, – дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев.
Жәрмеңкеге мектеп формаларын тігетін «ЖК Әбдиев», «Гаухартас» сынды елімізге сапалы тауар ұсынып, танылып үлгерген отандық тігін фабрикалары да қатысты. Ал таза былғарыдан жасалған аяқ киімдердің бағасы 10 мың теңгеден басталып, белдіктер өз құнынан төмен акциялық бағамен 2000 теңгеден сатылды. Ер балаларға арналған үштік топтама 15 500 теңгеден, ал ақ жейделер 2500 теңгеден басталып, сапасына қарай әр түрлі бағада сатылды. Кәсіпкерлер форманың қымбат болуының себебін елімізде сапалы мата өндірілмейтіндігімен түсіндірді.
–Баға қымбат деп Қытай, Қырғызстанның тауарларымен салыстыратын тұтынушылар кездесіп жатыр. Олардың матасының сапасы әлдеқайда төмен. Екі-үш жыл киюге жарамайды. Біз жеті жылдан бері мектеп формасын тігумен айналысамыз. Сапамыз өте жоғары. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Матаны, өндірістік жабдықтарды Түркия мемлекетінен алып келеміз. Жұмысшыларымыздың жалақысы бар дегендей, кейде өнімдерің өзіндік құны жоғары болып кетеді. Десек те біз қымбат сатуға мүмкіндігіміз бола тұра бағаны нарықтан жоғары қоймаймыз. Мемлекеттен берілетін жеңілдетілген бағдарламаларға қатысып, кәсібімізді дамытып келеміз. Бүгінгі жәрмеңкеге көп тауар әкеле алмадық. Себебі қазір дүкендеріміздің өзінде оқушыларға қажетті тауарлар тез таусылып кетіп жатыр,– дейді кәсіпкер Оралбек Спанқұлов.