Жаңа оқу жылы басталғанда мектеп оқушылары ата-анасының жаңа сөмке алып беруін күтеді. Олар оны таза дәптерлерімен, қалам, қарындаштарымен толтыруға асығады. Жалпы, мектеп сөмкелерінің қазір көптеген түрі бар. Ұзындығы реттелетін жалпақтығы әр түрлі баулары болады. Қаттылығы әр түрлі арқа сөмкелер де бар. Мысалы, пішінін өзгертетін жұмсақ арқа сөмке. Мұндай сөмкені тек жеңіл әрі жұмсақ заттарды тасуға пайдаланған жөн. Мектеп портфеліне ұқсас түрлері де кездеседі, өте ыңғайлы, бірнеше қалташықтары мен бөлімдері бар. Арқа баулары жалпақ, әрі ұзындығын баланың бойына ыңғайлы етіп келтіруге болады. Мектепке көп кітап таситын оқушыларға арналған. Кемшілігі- ондай сөмкелер қымбат, баспалдақтан көтерілу қиын және қоғамдық көліктерде тасу ыңғайсыз. Соңғы уақытта үстіңгі бөлігі магнитпен немесе замокпен жабылатын үстіңгі бөлігі ашық, екі тұтқасы бар, көлемі жағынан үлкен, көп зат сиятын сөмкелер кездеседі.
Ал дәл оқулық пен дәптер тасымалданатын сөмкелерге қойылатын сан түрлі талаптар бар. Ендеше, көз жүгіртейік: Ғалымдар мектеп сөмкелерінің иыққа ілер тұстағы жолақтың жалпақ болу керектігін айтады. Сөмке қымбат болса да әйгілі брендтердің сапалы сөмкесін таңдау қажет. Жас және жыныс ерекшелігіне сай таңдау керек. Бастысы өз формасын өзгертпеген сөмке болуы тиіс. Түс және сурет бұл өте маңызды. Бала өз қалауымен таңдағаны жөн. Оқулықтар салынған жалпы сөмке салмағы бала салмағының 10 пайызынан аспауы тиіс. Балаңыз 27 келі тартса, сәйкесінше, мектеп сөмкесі 2,7 келіден артық болмау керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болса құп. Оқу процесінде мектеп оқулықтарының да маңызы зор. Бір оқулықтың салмағы санитариялық қағидаларда көзделген нормалардан аспауы тиіс. 1-4 сынып оқулықтары 300 гр, 5-6 сынып оқулықтары – 400 гр, 7-9 сыныпта – 500 гр. Және 10-12 сыныпта оқулықтар 600 граммнан аспауы тиіс. Сонымен қатар сөмкені арқаға ілгенде, сөмке екі иыққа бірдей ілінуі керек. Мектеп сөмкесінің бала денсаулығына тигізер зиян әсері де жоқ емес. Жалпы, мектеп оқушыларының іші толы «қоржын-дарының» ауырлығы мен шамадан тыс заттарды тасуы денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды екен. Баланың қан қысымының қалыптан шығуына да осы сөмке әсер ететін көрінеді. Тіпті әлі қатая қоймаған оқушының кеуде сүйектерінің қисаюына әкеп соғады. Ол аз болса, мұның салдары төбе мидың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізеді. Дәрігерлер де: «Ауыр сөмкені бір қолда ұстау немесе сөмкені бір иыққа асыну оқушы үшін зияндығын, нәтижесінде скалиозбен ауыруы мүмкін», — дейді. Сондықтан, дәрігерлер балалар үшін ортопедиялық арқасы бар сөмкенің таптырмас құрал болатындығын ерекше атайды. Сондықтан, ең бірінші базар мен дүкендерден сөмке аларда төмендегі талаптарды қатаң ескеріңіз:
• Сөмке көлемі арқадан жалпақ болмауы керек;
• Сөмке салмағы оқушының салмағының 1/10 болуы тиіс;
• Оның төменгі бөлігі белден төмен түспегені абзал;
• Ішіне салатын оқулықтарды бір біріне тығыз орналасуы керек;
• Иықбауы жалпақ, иыққа батпайтын болуы керек;
• Материалы сапалы болуы жөн. Мамандар кеңесі полиестер;
• Сонымен қатар қараңғы кезде көзге шағылысатын жарқын түсті жолағы болған жөн, ол жаяу жүргіншілер жолынан өтер кезде жүргізушілердің көзіне бірден түсіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Иә, оқушының өзінде орнықты сөмкесінің болуы оның оқуға деген жауапкершілігі мен белсенділігін оятады. Таусылмас ақыл кені — кітапты жас оқырманымен байланыстырады. Баланың зердесі мен зейінінің дамуына қажетті құралдарды сәйкесінше қолжетімді етеді. Сол себептен де, әрбір мектеп қабырғасын жағалаған оқушының сөмке асынуды абырой көретінін ескерсек, ұдайы осы ілімдерді естен шығармағанымыз жөн.
Н. Нышанов
Түркістан облысының СЭБД басшысы