Еңбекші ауданының халық шоғырланған негізгі бөлігіне инжинерлік-инфрақұрылым толық тартылған. Ал, шағынаудандардың жаңақұрлыс аумақтарына мемлекеттік жүйедегі ауыз су, электр жарығы және табиғи газ тарту үшін сметалық-жобалық құжаты жасалып, бүгінде кезең-кезеңімен құрлысы жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Досбол Есілбек ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингте айтты.
Аудан әкімінің айтуынша, Еңбекші ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 94,5 пайыз, электр 98,3, табиғи газбен 90,7, кәріз жүйесімен 41, асфальт жолмен 74 пайызға жеткен.
–Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үшін 2022 жылы 6 елді мекенде, атап айтқанда Қарабастау, Қаратөбе, Тоғыс, Жұлдыз, Жыланбұзған және Айнатас шағынаудандарында құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бүгінге дейін Қарабастау, Жұлдыз бен Тоғыста құрылыс аяқталып, қазір құбырларды дизенфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Қалған үш елді мекендегі жұмыстар осы жылдың соңында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде ауданның тұрғындарға ауыз су жеткізу көрсеткіші 97 пайызға жетеді. Ал, электр жүйесінің жеткізілуі 98,3 пайызды құрап отыр. Жекеменшік трансформатордан жарық алатын Исфиджаб пен Қарабастаудың жаңақұрылысына электр тарту үшін жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде, – деді Досбол Күздікбайұлы.
Ауданда 2025 жылы табиғи газ мәселесі толығымен шешіледі. Биыл Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Оңтүстік және Қаратөбе елді мекендеріне жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін сараптаманың оң қорытындысы шыққан. 2024 жылы осы бес елді мекенде газ жүйесін тарту құрылысы жүргізіледі. 2025 жылы 7 елд мекеннің жаңақұрылыс аумағына табиғи газ құбыры тартылып, нәтижесінде қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Сонымен қатар аудан әкімі «Халық қатысатын бюджет» жобасына да тоқталды. Ауданда қазір 283 көпқабатты үй 132 аулаға біріктірілген. Биыл жоба аясында 35 үйдің ауласын абаттандырып, балалар ойын алаңшасын салу жұмысы жоспарланып отыр.