Шаһарда жауын-шашын маусымында су басу қаупінің алдын алуда ирригациялық жүйелердің маңызы орасан. Келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Тұран ауданында биыл 24 шақырымды 41 көшеге ирригация салу жоспарланған.
Осы орайда, бүгінде 20 көшеге суағар салу үшін мердігер мекеме анықталып қойған. Мердігер Қазығұрт шағынауданындағы Жандарбеков, Бөгенбай батыр, Шымған, Оңдасынов, Мұханов, Баянауыл, Төлебай көшелеріне, 112 орамдағы Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелеріне, 4- шағынаудандағы Байтулы баба көшесіне, Наурыз шағынауданындағы Жанкент көшесіне арық салу жұмысын бастап жіберген. Қалған 19 көшеге тамыздың соңына дейін мердігерді анықтау жоспарланып отыр.
Шаһар төңірегіндегі елді мекендерді дамыту «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған бес жылдық даму жоспарына» енгізілген болатын. Шағынаудан жанындағы жаңақұрылыс аумақтарының кеңеюі, халық санының артуымен тағы бір ауданға қажеттілік туындаған еді. Қала орталығының елді мекендерге шалғай орналасуы тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуіне, халықпен кері байланыс орнату, қолайлы орта қалыптастыру ісінің баяулауына алып келеді. Осындай олқылықты болдырмау үшін дер кезінде қолға алынған бастаманың нәтижесінде жаңадан құрылған Тұран ауданы халықпен етене жұмыс жүргізіп, инжинерлік инфрақұрылыммен қамту ісі де жанданды. Негізінен Тұран ауданының аппараты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі бастару туралы» заңы мен басқа да заңнамаларға зәйкес 24 функцияны атқарады. Оның ішінде – салық, кәсіпкерлік қызметін дамыту, тарихи және мәдени мұраны сақтау, табысы аз адамдарды еңбекпен қамту, атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге ұсыныс енгізу, әлеуметтік әлсіз топтарға қайрымдылық көмектерін ұйымдастыру, инфрақұрылым тартуға ұсыныс енгізу, жергілікті жерді абаттандыру мен көгалдандыруға, тұрғындарды бұқаралық спортпен шұғылдануға жағдай жасау, жерлеу мен зираттарды күтіп-ұстау секілді міндеттер бар. Одан бөлек, тұрғындармен тығыз байланыс орнату да ең маңызды міндеттердің бірі. Осы жылдың басынан тамыз айына дейін ауданы әкімі Б.Болатбеков тұрғындармен 35 кездесу өткізіп, онда 137 мәселе көтерілген. Тұрғындар аудан басшысына жол, қоғамдық көлік бойынша -35 мәселе, инфрақұрылым – 34, әлеуметтік салада – 9, тұрғын үй бойынша – 8, жерді заңдастыру жөнінде – 6, бейнебақылау мен сапалы интернет бойынша – 6, білім саласына қатысты – 5 және аумақтағы өзге де 34 мәселені жеткізген. Бүгінде тұрғындардың 39 мәселесі шешімін тауып, 98-і бойынша жұмыстар атқарылып жатыр екен.