Бүгін Шымкент қаласына Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді. Министр Шымкент қаласы Солтүстік саяжай шағын ауданында болып инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.Мегаполиске іс сапармен келген ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алдымен Солтүстік Саяжай шағын ауданындағы инфрақұрылым жүйесінің құрылысымен танысты. Мұнда 4418 электр бағаналары және 22 трансформатор орнатылған. Сондай-ақ, электр тарату станциясы да іске қосылған. Бүгінде 530-ға жуық абонент сапалы жарыққа қол жеткізген. Ал өткен жылы шағын аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылыпты. Тұрғындар министрмен кездесу барысында электр жарығының тарифі қанша болатынын сұрады. Сондай-ақ жыр болған көгілдір отынның мәселесін шешіп беруді өтінді
–Шымкент қаласына инженерлік инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың жол, ауыз су, сапалы электр қуаты мен табиғи газбен қамту секілді бірінші кезектегі өзекті мәселелері шешімін табуда. Бүгінгі сапардың мақсаты осы бағытқа бөлініп жатқан бюджет қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылау және тұрғындарды қандай проблемалар мазалайтынын өз аузынан есту, – деді Әлібек Сәкенұлы.
Солтүстік саяжай шағынауданының тұрғындары соңғы жылдары инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылып, оның кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын айтқан тұрғындар биыл басталған табиғи газ жүйесі құрылысының тезірек аяқталуын сұрады.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков Ұлттық экономика министріне Солтүстік саяжай шағын ауданында және жалпы қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, шағынауданда 6 мыңдай халық қоныстанған. Шағынаудан ауыз сумен былтыр қамтылды. Электрмен қамту жұмыстары былтыр басталған. Мердігер компания ретінде «Электромонтаж» акционерлік қоғамы таңдап алынған. Компания 7,8 шақырым 10кВ кабельдік желі және 198 шақырым 10/0,4 кВ әуе желісін орнатқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газбен қамту жұмыстары биыл басталды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.Шағын ауданда инфрақұрылым мәселесі шешілген соң, жол жөндеу жұмысы қолға алынады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Руханият көшесі жарықтандырылады деп көзделуде. Айта кетейік, бүгінде Солтүстік саяжай шағын ауданында 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.