Келер жылы Шымкентте шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады. Жаңа нысан бұрынғы Қорғасын зауытының аумағында орын тебеді. Үшінші мегаполиске іс сапары барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров индустриалды аймақтың құрылысымен танысты. Қазір мұнда инфрақұрылым жүйесі тартылғанымен, алдағы уақытта оның қуаттылығына тапшылық туындайды. Сондықтан сала жауаптылары министрлікке қосымша 3,5 млрд теңге көлеміндегі қаржы бөлуге өтініш тастаған.
–Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан жаңа экономикалық саясатының ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. Өйткені, осы кәсіпкерлер елдегі орта таптың негізін қалайды. Ал, орта тап өкілдерінің үлесі көп болса, еліміздің экономикасы қуатты болып, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Міне, осы тұрғыда Шымкент қаласы бұрыннан кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Енді шағын және орта бизнеске арналған индустриалды аймақтың ашылуы мен өзге де мемлекеттік қолдау шаралары қалада бизнестің дами түсуіне ықпал етеді, – деді Әлібек Сәкенұлы.
Сондай-ақ мұнда “Іскер қала” жобасы жүзеге асады деп күтілуде. Яғни кәсіпкерлер үшін өндірістік бизнеске арналған орынның ақысына субсидия қарастырылады.
«Бұл жерде бірінші кезекте жеңілдетілген несие береміз. Мұнда кәсіпкерлерге дайын орын дайындап береді. Яғни кәсіпкерде инвестициялық шығыны болмайды. Дайын орынға келіп өндірісін бастап кетеді. Орынды жалға алады.Жалға алу үшін тек құрал жабдыққа ақша керек. Сондықтан Іскер қала аясында 1,2 пайызбен 50 млн теңгеге дейін кәсіпкерлерге несие береміз»,- деді қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев.
Осылайша келешекте «Стандарт» жеке индустриалды аймағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік алаңы ретінде қызмет көрсетеді. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ел экономикасын өркендетуге үлес қосатын жобаны қолдайтынын айтады. Министр нысанның құрылысының бірінші кезеңімен танысып, жұмысты жоғары бағалады. Алдағы уақытта мұнда заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады деп күтілуде. Бүгіннің өзінде жиһаз шығаратын және тігін фабрикалары аталған индустриалды аймақтан орын алуға өтінішін жолдап қойған. Қазір бұл аймаққа инфрақұрылым жүйесі толық тартылған. Деседе алдағы уақытта кәсіпорын саны ұлғайған соң оның қуаттылығына тапшылық туындайды. Сондықтан сала жауаптылары бұл мәселені шешу үшін 3,5 млрд теңге көлеміндегі жобалық сметалық құжатты да ұсынып қойған. Шымкенттік шенеуніктер шаһарға арнайы іс сапармен келген министрден бұл өтінімді мақұлдауды сұрады. Айта кетейік, бұл нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында инвесторлардың есебінен «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.