Шымкент қаласында бокстан Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған ірі халықаралық турнир басталды. Жарысқа 6 мемлекеттен 100-ден аса былғары қолғап шеберлері қатысуда.
Қазақ боксының әлемдік деңгейде дамуына үлес қосқан, тарихы тереңде жатқан, халықаралық турнирде барлық даңқты боксшыларымыз өз шеберліктерін шыңдады. Осында әлемдік дәрежедегі техникаларын жетілдіріп, күш-жігер жинақтады. Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары атанды. Василий Жиров, Бекзат Саттарханов Ермахан Ибрайымов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусиновтың олимпиада ойындарында алтын медальді жеңіп алуына септігін тигізді. Генадий Головкиннің шеберлік мектебі болды. Өзбек боксшыларының шыңдалуына себепкер болған да осы турнир екен.
Сайысқа 6 мемлекеттен Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғаныстан және Қазақстаннан 100 ден астам боксшылар қатысты. Турнирдің ашылу рәсімі кезінде халықаралық турнирдің дамуына үлестерін қосқан Зинеидин Байымбетов, Сейдахмет Қонақбаев, Болат Қырықбаевтарға құрмет көрсетілді
Турнирдің ашылу рәсімі кезінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқарма бастығының орынбасары Ермек Дарменов 6 мемлекеттен келген спортшыларға сәттілік тіледі.
Биыл Қытай мен Ауғанстанның былғары қолғап шеберлері бағын сынайды. Жарыстың бас төрешісі жерлесіміз Нұрбек Батыров бастаған төрешілер тартқан жеребе негізінде іріктеу сайыстары бастау алды. Қазірге Қазақстан, Өзбекстан құрамалары көш басында. Алаң иелері де оңайлықпен беріле қоймасы белгілі. 27 қазан күні дәстүрге сай спортшылар Батырдың туған жері Қазығұрт ауданында болып, оның атындағы мектеп алдындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Қалалық бокс клубының басшысы Заңғар Қасқаевтың ұйымдастырумен өтетін, оның отбасындағы Құдайы асқа қатысып, құран бағыштайды. Еліміздің бейбіт өмірі үшін ерлікпен қаза тапқан Қарақозы атамыздың ерлігі жайында еске алу жиыны өтеді.