Шымкентте жылу беру маусымы 20 қазанда басталған болатын. Қазіргі кезде қаланың барлық көпқабатты тұрғын үйлерін жылу жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізіліп, толықтай қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Атап айтсақ, Абай ауданында жалпы 419 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 350 үйге жылу толықтай берілген. Қалған 69 көпқабатты тұрғын үйлерді жыл жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Жылу берілмеген үйлердің ішінде Гагарин, Пошанова, Байтіленов, Асқаров, Нұрпейісова, Темірлан тас жолы көшелеріндегі үйлер бар. Қазіргі таңда «Қуатжылу орталық-3» мекемесінен 12 адамнан тұратын 3 бригада жұмыс атқаруда. 30 қазанға дейін ауданға қарасты көпқабатты үйлерге жылу беру толықтай аяқталмақ.
Осы кезде мамандар тұрғын үйлерге жылу беру кезінде ескеретін жайттарды хабарлайды. Осы тұрғыда қала тұрғындарының назарына жылуды қосу жұмыстары кезінде мына жайттарды назарға алуға шақырамыз. Жауапты мекеме жылуды көпқабатты үйдің жертөлесіне дейін жеткізеді. Ары қарай тұтынушылар өздері жылу жүйелерінің қауіпсіздігін, құбырларды шаю мен қысымын тексеру, сығымдау жұмыстары, жылу қарызын есептеу және оны өтеу жұмыстарын атқаруы қажет.
Еске салайық, үшінші мегаполисте жылыту маусымы жиырмасыншы қазаннан басталды. Дәл қазіргі таңда төрт аудан аумағында көпқабатты тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1987 көпқабатты тұрғын үйлерді дайындау жұмыстары ала жаздай жүргізілген. Сондықтан болар, жауаптылар биылғы қыста шымкенттіктер жауарамайды деп сендіріп отыр. Бүгінде қаладағы 484 бюджеттік нысанның барлығы жылуға қосылып бітті. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандар бар.
Сонымен қатар, бюджеттік нысандардың қатты отынға (көмір) қажеттілігі 4,7 мың тонна. Мердігер мекеме қажеттілікті толық тасып берген. Қатты отыннан да тапшылық болмайды. Сұйық отынға (диз.топливо) қажеттілігі 655 тонна, бүгінге дейін қажетті тоннасы тасымалдынып бітті.