Екі қолға бір күрек іздеген жандар арасында пробациялық есепте тұрғандар да бар. Олар негізінен ұрлық, бұзақылық және басқа да ұсақ қылмыстар үшін сотталғандар. Еңбекші аудандық прокуратурасының қызметкерлері 60-тан астам азаматты жұмысқа орналастыру үшін жинады.
Махаббат Нұржанова ұсақ қылмыс жасағаны үшін сотты болған. Қазір пробациялық есепте тұр. Ол жұмыс істеуге ниет білдіріп, бүгінгі жұмыс жәрмеңкесіне келген. Тігіс тігуді ұнататын жан, жәрмеңкеде өзіне ұнаған жұмыс орнын тауыпты. Сөзінше, жалақы да көңілінен шыққан екен.
Тұрақты түрде өткізіліп тұратын жәрмеңкеде тұрғындарға 400-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Ал жалақы мөлшері 80 мың теңгеден басталады. Еңбекші аудандық прокуратура өкілдерінің сөзінше, пробациялық есепте тұрған әр адамға жұмыс ұсынылады. Ал егер олар орналасқан жұмыс орнынан шығып жатса, соттың үкімін орындамағаны үшін тиісті жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінгі таңда тек қана пробация қызметімен ғана емес, аудандық полиция бөлімінің есебінде тұратын сотталғандарды да жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылып отыр. 190 мекемеде 400-ден аса бос жұмыс орны бар. Осы сотталғандарды барынша тұрақты жұмыспен қамтуға арналған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта ай сайын аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен мұндай іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Қазіргі таңда 60-қа жуық пробация есебінде тұрған сотталған жеткізілді. Оларға таныстырылып жатыр, қандай мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар екендігі», – дейді Еңбекші аудандық прокуратурасының бөлім бастығы Эльдар Нәсірдін.
Екі қолға бір күрек іздеп келгендер арасында ұрлық, бұзақылық секілді орташа және онша ауыр емес қылмыс жасап, аудандық пробация бөліміне тұрақты есепке алынғандар бар. Дегенмен, тек сотталғандар ғана емес, жұмысқа орналасқысы келген кез келген адам жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады.
Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бекзат Төлебаевтың сөзінше, арнайы бекітілген қаулыға сәйкес, сотты болған азаматтарға 106 орын бекітілген. Екі санат бойынша: пробация және бас бостандығынан айыру орнынан босатылған азаматтарға. Қазіргі таңда пробация есебінде тұрған 36 адам жұмысқа квота бойынша орналасқан.
Бүгінде Еңбекші аудандық пробация есебінде 321 адам тіркелген. Аудандық прокуратура қызметкерлері жұмысқа орналасқан әрбір сотталған азаматтың жұмыс режимін бұзбауын қадағалайды және әрдайым бақылауда ұстайды.
Өздерін қоғамнан шет қалған деп есептейтін сотты болған тұрғындар бірнеше рет жұмысқа орналастыру бойынша өтініш айтқан болатын. Олардың өтініші назардан тыс қалған жоқ.