Үшінші мегаполис спортшылары әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрінді. Түркияда өткен ересектер арасындағы сайыста Шымкенттік Оралхан Есенбаев әмбебап жекпе –жек күрес түрінен үздік нәтиже көрсетті. Қоржынға алтын медаль салды. Байрақты бәсекеден жеңіспен оралғандарды спортсүйер қауым Шымкент әуежайынан қошеметпен қарсы алды.
Шымкенттік күресші Оралхан Есенбаев әлем чемпионатының жеңімпазы. Ол Алматыда өткен іріктеуде жеңіске жетіп, Түркиядағы әлем кубогына жолдама алған. Жарыс барысында спортшы 4 кездесу өткізіп, ақтық сайыста Өзбекстандық қарсыласын ойсырата ұтты. Нәтижесінде елге алтын медальмен оралды.
Антальяда өткен әлем чемпионаты 17- 24 қазан аралығында жалғасты. Оған еліміздің 30 ға жуық спортшысы қатысты. Ересектер арасындағы жекпе-жек күрес нәтижесінде еліміздің спортшылары жеңіс тұғырынан көріне білді.
Айта өтейік Түркияның Анталья қаласында өткен әлем чемпионатына 21 елден 700 ге жуық спортшы қатысқан. Командалық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынды қанжығаға байлады. Бірінші орынды Әзірбайжан, екінші орын Түркиялық команда иемденді.
Бұдан өзге биыл Түркияның Анталья қаласында армрестлингтен өткен әлем чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрама командасы 68 алтын медаль алды. Сонымен бірге отандастарымыз 66 күміс пен 36 қола жүлдені иеленді. Армрестлингтен ересектер, кадеттер, жасөспірімдер, жастар мен ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 1-орын алды. Бұл сынға 54 мемлекеттен 1 700 спортшы қатысқан болатын. Онда еліміздің намысын 200 спортшы қорғады. Олардың қатарында шымкенттік спортшыларда бар. Ал Италияда өткен кикбоксингтен әлем чемпионатында Шымкенттік спортшылар 2 медаль жеңіп алған еді. Жарыс 30 қыркүйектен 12 қазанға дейін Италияда өтті. Шымкент №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің атынан қатысқан спортшылардың екеуі де жеңіспен оралған.