Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасы аясында жастардың ой өрісін дамыту мақсатында ҚР мәдениет қайраткері профессор Сайлаубек Жақсыбековпен кездесу өтті.
Сайлаубек Жақсыбеков 1957 жылы Төлеби ауданының Подгорное ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы республикалық арнайы музыкалық мектеп-интернатын, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген. Қолына дипломын алған 1982 жылдан бергі атқарған қызметтеріне қарап отырып, бұл кісінің қазақ сахнасының абыройы мен құрметі үшін тер төгіп келе жатқанын аңғарасыз. Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының «Эстрадалық үрмелі аспаптар» кафедрасының аға оқытушысы, С.Рақымов атындағы әскери мектепте музыкалық жетекші, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Педагог» студенттер клубының директоры, ХҚТУ директорының мәдениет және спорт жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған. «Қазақ халқының көне үрмелі аспаптарының ойнау ерекшелігі», «Дирижерлауға арналған хрестоматия», «Әннің бала тәрбиесіндегі алар орны» секілді бірнеше оқулықтың авторы. Жан азығы ән мен күй деп ұғынатын ағамыз өнер саласының қайсыбір мәселесінде болмасын бел шешіп, білек сыбанып ортада жүреді. Сөзімізге дәлел келтіре кетейік, 2008 жылы С.Жақсыбеков Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясына директор болып тағайындалды. Басшылыққа келген соң ескі ғимаратты жаңартуға көп еңбегін сіңірді. Ел біле бермес, 2006 жылы облыстық филармония Ш.Қалдаяқовтың есімінен айырылып қалған болатын. Халық ұлы сазгердің есімімен атап жүргенімен, қағаз жүзінде олай емес еді. Сайлаубек Жақсыбеков табандылығының арқасында филармонияға Ш.Қалдаяқовтың есімін сот арқылы бекітіп, шешімін шығарып алды. Танымал ақын Ханбибі Есенқарақызы Сәкеңнің осы тірлігіне риза болып: «Өткірлігіңді таныттың-ау, талабыңа нұр жаусын» деп бата берген болатын.
Басқосудың мақсаты- әрбір жас ұрпақтың музыкалық өнерге қызығушылығын арттыру, жастарға қазақ халқының аспаптары жайлы түсінік беру.
ҚР мәдениет қайраткері, профессор Сайлаубек Жақсыбековтің есімі оңтүстік өңіріне жақсы таныс. Бүкіл ғұмырын қазақтың музыка өнеріне арнаған кейіпкеріміздің әлі де ел үшін берері көп.
Индустриалды-техникалық колледжі студенттерімен өткен кездесуде мәдениет қайтаркері жастарға аспаптар жайлы шығу тарихы жайлы әңгіме айтып, өлең, күй тартып берді. Жастар өз сауалдарын койып кездесуден кереметтей әсер алып қайтты.