Шымкентте 25 қазан — Республика күні мерекесіне орай «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық форум өтті. Айтулы іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Форумда басқарма басшысы сөз сөйлеп, көпшілікті Республика күні мерекесімен құттықтады.
—Республика күні — еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке. Бұл — ата-бабамыздың арманы орындалып, еркіндікке қол жеткізген күн. Осыған орай қаламызда мемлекеттік рәміздерді насихаттау, мемлекеттік Туымызды дәріптеу, оның қадірін жас ұрпаққа ұғындыру мақсатында осындай патриоттық форум ұйымдастырылып отыр, — деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Жиында медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетов пен ҚР Қарулы күштерінің Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Омбаев бастаған ел ағалары сөз сөйлеп, жастарға Тудың қадірі мен Отанға адал қызмет ету туралы өнегелі әңгімелерін айтты.
Қазан айының басында бастау алған патриоттық іс-шараға қатысушылар 3 түрлі номинация бойынша сайысқа түсті. Ұйымдастырушылар 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өтетін форумға қатысуға ниет білдіргендер саны артқанынын айтады. Фотограф, фотожурналист Самат Мырзалиев Шымкентте өткен патриоттар форумына «Үздік ролик» номинациясы бойынша қатысты. 2 ұл, 2 қыздың әкесі патриотизм – отбасынан басталады дейді. Сол себепті де бұл додадаға ұлдарын да қатыстыруды жөн көріпті. «Мақсатым – балаларымның бойына отанға деген сүйіспеншілікті ұялату», деген ол, жарыс жеңімпазы боларын мүлдем күтпегенін айтады.
«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Шымкент қаласы бойынша филиалында оператор болып жұмыс істейтін Нұрлан Нұрбеков те «Үздік ролик» номинациясы бойынша бағын сынады. Ол – айтулы форумның өтетінін естіген соң, жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатуды мақсат тұтып, осы додаға қатысамын деп ұйғарыпты. Үздіктердің сайысында 2 орынды иеленген Нұрлан Нұрбековтың бейнеролигі төтенше жағдайларда туды алып шыққан бозбалалардың ерлігіне арналған.
«Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алғашында тумен суретке түсу челленджінен бастау алған іс-шараның деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Биыл форумға тек үшінші мегаполис тұрғындары ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Атырау облыстарынан да азаматтар қатысуға ниет білдірді дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, форум барысында мемлекеттік Туды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.