Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат.
Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Шымкент Кашемир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен өткен кездесу барысында Шымкент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұлов осылай деді.
—Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын еліміздегі балалардың есепшотына аудару туралы бастама – сол саясаттың жарқын көріністерінің бірі. Бұл саясат әлеуметтік әділеттіліктің орнауына және қанағатшыл орта таптың үлкен шоғыры қалыптасуына әсер етеді, — дейді Қ.Қалықұлов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының холистік тұрғыдағы мәні – ел үшін еңбек ету идеологиясына тоғыстырылды десек болады. Осы ретте Президент жолдауындағы ұтымды парадигмаларды төмендегіше жіктеуге болады: Бейбіт өмір мен ел тыныштығы – тәуелсіздік кепілі болуы. Шындығында да, бүгінгі саяси дүрбелеңге толы заманда, әлемдік тәртіп дихотомиясына ұшыраған дәуірде, соғыс пен саяси-әлеуметтік синдромы басым жағдайда әр адам үшін бейбітшілік пен ел іші тыныштығы басты доминат-құндылыққа айналғанын әр азамат сезінуде. Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту – стратегиялық мақсатқа айналуы. Осы тұста, біздің пікірімізше, экономиканың әлеуметтік бағдарының басымдыққа ие болуы көңілге медет болмақ. Осыған орай, ұлттық және мемлекеттік жоспарлардың ымыраласуы көңілге қонымды. Олардың факторларының өзара үйлесімділігі басты назарда болмақ. Әрине, бұл Мемлекет басшысының алған тәжірибесі мен атқарған қызметінен туындаған ой-түйіндер болғанын білдірмек. Осы тұста Президент сөз бен істің ‒ егіз ұғым болатынын дәлелдер уақыттың жеткенін меңзейді.
Кездесу барысында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев та Жолдау жайлы ойларын ортаға салып, кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.