Бүгін Шымкент қаласындағы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығында білім саласының өкілдерімен кездесу өтті. «AMANAT» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен шараға М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова, аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы А.Есенбек және аталмыш орталық қызметкерлері мен ұстаздар қауымы қатысты. Жиында Астана қаласында өткен көшбасшы партияның XXIV Съезі мен Халықтық коалиция форумының қорытындысы туралы ақпарат берілді.
-Баршаңызға белгілі өткен аптада еліміздің бас қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезі өткен болатын. Міне, осы айтулы шарада аманаттықтар алда өтетін президент сайлауына Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын ұсынды. Оны барша партияластар бірауыздан қолдады. Шараға 1200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Саяси кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де болды. Өзім де осы съезд делегаты ретінде айтулы іс-шараға қатысып, парияның жаңа саяси тұғырнамасын қабылдауға атсалысқаныма қуаныштымын, — деді Д.Пернешқызы.
Президент Жолдауы Әділетті Қазақстанды құруға негізделеді. Мемлекет басшысы тура білім күні халыққа жолдаған Жолдауында елдегі білім саласына ерекше назар аударды. Себебі дәл осы білім саласы ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін аттестаттау жүйесі жаңартылып, олардың жалақысы көтеріледі, сондай-ақ тәрбиешілердің жүктемесі азайтылады. Ұлттық жоба аясында кемінде 800 мың оқушы мектеппен қамтамасыз етіледі. Бұл оқушы орнының тапшылы, үш ауысымда оқитын және апатты мектептердің мәселесін толығымен шешеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептерді салу мен жабдықтаудың бірыңғай стандарты жұмыс істейді. Осы жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Жаңа мектептерде оқу бағдарламасына сәйкес оқу алаңдары кеңейтіледі.