Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «АГФ групп» өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін фабрикасында жұмысшылардың қатысуымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру және түсіндіру жөнінде кездесу өтті.
—Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген міндеттер айқындалды. Өз мамандығым дәрігер болғандықтан, денсаулық сақтау саласына қатысты жаңалықтарға ерекше назар аудардым. Отандық медицинаның орнықты дамып келе жатқанын Шымкент қаласынан-ақ байқауға болады. Осыдан 5-6 жыл бұрын қалада 10 емхана халыққа қызмет көрсетсе, қазір емханалардың саны 42-ге жетіп отыр. Дәрігерлерге түсетін жүктеменің азаюы — медициналық қызметтің сапасының жақсаруына себеп болуда. Сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері медициналық қызметтің көптеген түрлерін тегін пайдаланып келеміз. Президент Жолдауда Үкіметке отандық медицинаны қаржыландыру жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Бұл халықтың денсаулығын сақтауға оң ықпал ететіні сөзсіз, — деді Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев.
Президенттің жаңа жолдауы шынайы саяси жаңғыру мен кешенді реформаларға бастау боларлық тарихи маңызға ие. Бұл жолдауда қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің нақты шешімі табылғаны, көкейкесті сұрақтарға жүйелі жауаптар берілгені, халықтың талап-тілектері барынша ескерілгені анық байқалып тұр. Жалпы алғанда, Президенттің жолдауындағы саяси жаңғыру мен реформалауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін ел Конституциясына 30-ға жуық өзгерістер енгізілуі тиіс екен. Әсіресе мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесін реформалау, ашық және мөлдір сайлау жүйесін құру, партиялық құрылысты демократиялық жолмен жетілдіруге бағытталған Президенттің саяси шешімдері баршаның көңілінен шығып, жалпықоғамдық қолдауға ие болуда.
Айта кетейік, кездесуге Шымкент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұлов та қатысып, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді.