Шымкент қаласында «Құқықтық сауаттылық, өмірлік маңызды дағдылар және спорттық сайыстар» жобасы аясында жастар арасындағы спорттық турнирдің жабылу салтанаты өтті. Қалаға жаңадан қосылған және шалғай елді мекендердегі тұрғындар арасында спорттың волейбол, үстел теннисі, кіші футбол, шахмат түрінен үздіктер анықталды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған іс-шараға жалпы 16 команда қатысты.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов жеңімпаздарды марапаттау жиынында жастарды үнемі спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Іс-шараның мақсаты – шалғай елді мекендерде жастарды дене шынықтыру және спортқа тарту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сайыс нәтижесінде волейболдан Асар, кіші футболдан Қайнарбұлақ, шахматтан Асар, теннистен Тоғыс командалары жеңімпаз атанды.
Барлық қатысушылар Алғыс хатқа ие болып, жеңімпаздарға құнды сыйлықтар табыс етілді.
Айта өтсек, қалада қолжетімді спортты дамыту, спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бойынша да бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Шымкентте 2021 жылдың II-жартыжылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Биыл жобаға мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323,0 млн. теңге қаржы бағытталып, спорттық секцияға 14 000 баланы қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ата-аналардан 22 спорт түрі бойынша (186 спорттық секция) жалпы саны 21 286 өтінім түсіп, 14 230 баланың ата-аналарымен келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған Fitness park kz жобасы да іске асқан еді Онда қала тұрғындарының уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтына бейімдеу үшін спорттық жаттығулар өткізілген. Аталмыш жоба да бұқаралық спортты дамытуға сеп болған.